Ең маңыздысы – мүгедектерді жұмыспен қамту
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыс әкімі Н.Садуақасов сала басшыларына қадап тапсырды. Облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы М.Мұратбеков өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді жағдай жасау, мүгедектерді оңалту, олардың өмірін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Мына өмiрде мүгедектiк тағдыр бiреуге туабiттi жазылса, ендi бiр адамдар ауру-сырқаудың, жазатайым оқиғалардың салдарынан мүгедектiкке ұшырап жатады. Біздің өңірде де туа бітті мүгедектікке шалдығуды айтпағанның өзінде ересектердің қан айналымы, онкологиялық және туберкулез тәрізді аурулардың салдарынан бастапқы мүгедектікке ұшырауы артып келеді. Ал, балалар арасындағы мүгедектікке келер болсақ, олардың мұндай жағдайға ұшырауына бірінші орында жүйке жүйесінің аурулары, екінші орында туа бітті кемістіктер, үшінші орында психикалық ауытқулар себеп болуда. Бүгінде Қостанай облысы бойынша 26 907 мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, солардың 18 мыңнан астамы, яғни 68 пайызы еңбекке қабілетті жаста көрінеді. Өңірде мүгедектерді оңалту мақсатында атқарылып жатқан шаралардың арқасында үстіміздегі жылдың алты айы ішінде 239 адам мүгедектіктен айығып шыққан. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың 82 пайызы оңалту орталықтарында медициналық көмек алған. Сонымен қатар, мүгедектерді оңалту бағдарламалары арқылы жыл басынан бері 8 мүгедек жоғары, 24 мүгедек кәсіптік-техникалық білім алса, 217 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылған.
-Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар қабылданып, жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде кембағал жандарды жұмыспен қамту маңызды мәселе болып табылады. Елбасымыз да өзінің “Қазақстан жолы -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында осы мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты орынды мәселелер көтеріп, оларды жұмыспен қамтуға қатты көңіл бөлу керектігін қадап тапсырған болатын. Осы орайда, біздің облысымызда да тиісті шаралар қолға алынған, – дейді М.Мұратбеков.
Дегенмен, бұл салада шешімін таппай отырған мәселелер де жоқ емес. Департамент басшысының айтуынша, бүгінде мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеуде, протездік-ортопедиялық құрылғылармен, сурдо-тифлотехникалық құрылығылармен және мүгедектер арбасымен қамтамасыз етуде проблемалар баршылық. Мәселен, осы күні протездік-ортопедиялық құрылғылармен 375 мүгедек қамтылмай отыр. Сондай-ақ, 747 мүгедектің тек 342-і ғана санаторлық-курорттық ем қабылдаса, ал 405 мүгедек кезекте тұрған көрінеді. Мүгедек арбасымен де 99 адамның тек 29-ы ғана қамтамасыз етілген. Бұған әрине қаражат тапшылығы себеп болуда.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарға емін-еркін кіріп-шығуы үшін жағдай жасау да біртіндеп шешімін тауып келеді. Өткен жылы бейімделуі тиіс 250 нысанның 237-сі бүгінде мүгедектерге қолжетімді. Тек, Ұзынкөл, Сарыкөл, Меңдіқара, Қостанай аудандарындағы, яғни барлығы 13 нысан әлі күнге дейін бейімделмеген. Ал, ағымдағы жылы 399 нысан бейімделуі тиіс болса, соның ішінде бүгінге дейін 90 нысан мүгедектердің емін-еркін жүріп-тұруына сай етіп бейімделген, қалғаны жыл соңына дейін жалғаспақ.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Н.Садуақасов мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта туғызып, олардың да қоғамда өз орындарын табуына, яғни толыққанды өмір сүруіне барлық жағдайдың жасалуы тиіс екендігін алға тартты. Сондай-ақ, сала басшыларына мүгедектерді жұмыспен қамту және оңалту жұмыстарын әлі де кеңінен жүргізуге тапсырма берді . Әрі оларды жұмыспен қамту, оңалту ісі тек сырт көз үшін емес, нақты әрі нәтижелі түрде жүзеге асуы қажеттігін ескертті. Айтылған мәселелердің де аяқасты қалмайтындығын жеткізді.
Қарлығаш ОСПАНОВА