Еңбекшілер есімі елеусіз қалмайды
Облыста Еңбек даңқы Кітабы жарық көреді. Бұл жоба келер жылы мерекеленбек Қостанай облысының 80 жылдығына арналады.
Бүгінгі таңға дейін Тобыл өңірінің әр салада дамуына зор үлес қосқан даңқты жерлестер есімі ұмыт қалмауы тиіс. Өлке тарихының беттеріне қатталуы керек. Сондықтан облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың бастамасымен шыққалы отырған бұл кітаптың маңызы айырықша болмақ. Жобаны іске асыруға Ішкі істер басқармасы, мұрағат, білім саласының мамандары, ардагерлер ұйымы тізе қосуда. Кітаптың мазмұнын екі негізгі бөлімге бөлінеді деп жоспарлануда: кеңестік кезең және тәуелсіз Қазақстан дәуірі. Алғашқы бөлімге Социалистік Еңбек Ерлері, «Еңбек Даңқы» орденінің иелері, «Еңбек ардагері» марапатының егелері туралы мәліметтер топтастырылады. Ал екінші бөлімінде тәуелсіздік жылдарында еселі еңбегімен еленген қостанайлық тұлғалар, омырауын орденмен оқалаған жерлестеріміз жайлы жазылмақ.