Қызылшаға қарсы егу шарасы

Үстіміздегі жылдың ақпан айында еліміз бойынша 15-19 жас аралығындағы жеткіншектерге қызылшаға қарсы екпе жасату шарасы басталған еді. Алайда, кейбір аймақтарда осы дертке қарсы егілген 120-ға жуық адам бас айналу, дене қызуының көтерілуі сияқты  шағымдармен емдеу мекемелеріне хабарласқан. Осындай жағдайлардан кейін иммундау шарасы елімізде уақытша тоқтатылған болатын. 

vaccination

Алайда, мамандар Үндістаннан әкелінген препараттың еш қауіпсіздігі жоқ деп отыр. Керісінше, ол дерттен қорғанудың ең тиімді тәсілі екендігін айтады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас қосқан жергілікті мамандар да қызылшаға қарсы екпенің тиімділігі зор дейді, сондықтан ата-аналарды балаларына дертке қарсы екпе жасатудан бас тартпауға шақырады.
-Қызылша ауруының алдын алу үшін міндетті түрде екпе жасатқан жөн. Егу шараларынан  бас тарту өкінішті жағдайларға алып келеді. 2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бұл екпені пайдаланудың арқасында әлемде 15 млн. астам адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Сондықтан, қызылшаға қарсы вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігіне күмәндануға еш негіз жоқ, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Бекмағамбетов.
Мамандардың сөзінше, елімізде екпе жасамаған балалар мен жастар арасында аталмыш дертті жұқтыру әлі де асқынып тұр. Осы күнге дейін Қазақстанда қызылша ауруына шалдығудың 2283 жағдайы тіркелсе, Қостанай облысы бойынша 66 адамға осындай диагноз қойылған.
Иммундау шарасымен елімізде 15 пен 19 жас аралығындағы жастарды қамту көзделген. Осы күнге дейін соның 484 мыңына вакцина егілген. Қызылшаға қарсы егу шарасы елімізде үстіміздегі жылдың 1 қазанында жалғасын таппақ.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓