«Шектен тыс шығын болмасын!..»

Биылғы жылдың күнтізбесіндегі мерейтойлар қатарында өңір бойынша ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қостанай облысының 80 жылдығы маңызды болып отыр. Соған орай мемлекетіміздің басты мерейтойын облыс аймағында ұйымдастыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен бекітілген «Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы» атты Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес жүргізілмек.тауелсиздик
Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Қалмақов аппарат мәжілісінде баяндады.
Қазір әр ай сайын Тәуелсіздіктің жетістіктері мен «Мәңгілік ел» құндылықтарына байланысты тақырыптық іс-шаралар жоспарланып, әр түрлі форумдар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, көркемөнерпаздар фестивальдері өтпек. Кейбір іс-шаралар жыл басынан бері ұйымдастырылып келеді.
– 21 қараша мен 25 желтоқсан аралығында «25 жұлдызды күн» игі шарасы болмақ. Ал, өңірдің 80 жылдығын атап өту 12-25 тамыз айына қалдырдық,– деді Ерлан Қалмақов.
Сондай-ақ, Лисаков қаласының 45 жылдығы, Арқалық қаласының 60 жылдығы, Таран ауданының 80 жылдығы, Меңдіқара ауданының 85 жылдығы және Боровское ауылының 135 жылдығы мен дәстүрлі түрде тойланатын Қостанай мен Рудный қаласының күндері жоспарда бар.
Той тойлау, әрине, жақсы. Бірақ оның шығыны да шаш-етектен. Мұны да ескерген өңір басшысы Архимед Мұхамбетов өз уәжін айтты.
– Барлық мерекені өткізіп, шектен тыс шығынға батпау қажет. Мерекеге шақырылатын қонақтарды, тұратын қонақжайын да алдын ала пысықтап, қаржыны үнемдеу жағын ойластыру керек. Ең бастысы, бұл мерекенің өн-бойында патриотизм рухы "менмұндалап" тұру шарт. Сол үшін жоспарда тұрған газ, су құбырларын тартуды тездетіңіздер. Жаңа пәтер иелеріне кілт тапсыру рәсімін де жеделдетіңіздер. Жобаны уақытында аяқтау үшін жұмыс кестесін құрыңыздар,– деді Архимед Бегежанұлы.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓