Жастардың өндіріске жолағы жоқ
Қостанайда бизнес субьектілерін тіркеу жүріп жатыр. Мұнда кәсіпкерлердің анкеталық деректерінен бөлек палата қызметкерлері түрлі мәселелер мен кедергілерді анықтайды. Бүгінде саладағы ең өзекті мәселелер – несиелік үстемақының көптігі, салық төлемі және мамандар тапшылығы.
«Азурит» ЖШС жеңіл өнеркәсіппен айналысады. Кәсіпорында мектеп оқушыларының формасы мен арнайы киімдер тігеді. Өндіріс енді ғана ашылған. Болашағы зор. Кәсіпорын басшылығы жергілікті нарықтан шетелдік өнімдерді ығыстырып шығаруды көздейді. Ол үшін мүмкіндіктер жоғары, тек тапсырыс болса жеткілікті.
-Тауар өндірушілерге қолдау қажет. Негізі кәсіпкерлер мамандар тапшылығына жиі ұрынады. Жастар жағы өндіріске келгісі келмейді. Оларды қандайда бір жолмен тарту жағын ойластыру керек,-дейді «Азурит» ЖШС директоры Светлана Шипилкина.
Дәл осы мәселе туралы «Парасат» ЖШС-де көрсеткен. Кәсіпорын мал, егін шаруашылығымен айналысады. Серіктестік директорының орынбасары Константин Елкиннің айтуынша, қазір білікті маман табу оңай емес. Жоғары оқу орнын бітіріп келгендер ауылдық жерлерде жұмыс істеуге құлықсыз.
Ал Нариман базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мұңы басқада. Олар 2020 жылдан бастап өздерінің сауда нүктелерінде онлайн-кассалық апаппарат қоюлары тиіс. Олар бұған қарсы емес, тек интернет «әлсіз» дегенді алға тартады.
Осындай алдан шыққан сауалдарға алдағы 15 күн ішінде толық жауап қайтарылатын болады.Сондай-ақ, анкеталық деректер толтырылған соң, көрініс тапқан өзекті мәселелер Үкімет деңгейінде қаралады.
Әлібек ЫБЫРАЙ