Ұлттың ұясы – ТОРҒАЙ
10 маусым күні Жанкелдин ауданында "Қостанай таңының" күндері өтеді
Асқарбек Кенжеғарин,
Жанкелдин ауданының әкімі :
"Торғайдың келешегіне сенемін!"
Жанкелдин ауданы (1928-1950 жж. – Торғай ауданы) – Қостанай облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Жер аумағы 37,6 мың км. Тұрғыны 15,2 мың адам.Аудандағы 45 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Торғай кенті. Бұл тарихи өлке. Ә.Жанкелдиннің революциялық қызметі, Аманкелді Иманұлы бастаған 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы азаттық көтеріліс Торғай даласымен байланысты. Ыбырай Алтынсарин қазақ еліндегі тұңғыш қазақ-орыс мектебін осы ауданда ашты.
– Асқарбек Ахметбекұлы, соңғы кездері Торғайдың болашағы жоқ деген алып-қашпа әңгімелерді жиі естіп қалып жүрміз. Ауданның ертеңі туралы Сіздің пікіріңіз қандай?
– Мұны халық бізден де жиі сұрайды. Ауыл әкімдерінің есепті кездесулеріне барғанда үлкен кісілермен аз-кем уақыт әңгімелесеміз, сонда ақсақалдар "Судың жағдайы мынау: бірде тасыса, бірде тасымайды. Торғайдың келешегі бар ма, өзі ?" деген сыңайда сұрақ қояды. Қарапайым ауыл тұрғындарының мазасыздануы орынды. Ал мен айтар едім, Торғайдың келешегі зор! Біз елдің болашағы үшін өмір сүріп отырмыз. Мәселен, Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз тас жолы тартылса,халықтың жағдайы едәуір жақсарады.Бұл жоба Үкіметтік бағдарламаға енді деп облыс әкімі де, жерлесіміз, академик Кенжеғали Сағадиев ағамыз да айтып жүр. Тек, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автокөлік дәлізінің аяқталуын күтуіміз керек.Егер Астана мен Ырғыздың екі ортасы жалғанар болса, онда ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайына жан бітер еді.
– Расында да, сөзіңіздің жаны бар, жол-тіршіліктің күре тамыры іспетті ғой. Торғай жұртшылығы осы жолдың азабын бір кісідей тартып келеді емес пе. Бірақ, өңірдің келешегі тек жолға ғана тәуелді ме?
– Жоқ,әрине! Торғайдың болашағына қатысты екінші бір жағдайды айта кетейін. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Ақшығанақ ауылынан бар болғаны 150-ақ шақырым.Жақында барып көріп келдік, сол Ырғыздың орталығына газ құбыры тартылып жатыр. Ауқымды жоба биыл бітпесе де 2015 жылы толық пайдалануға беріледі. Газ өткізу деген өте қиын мәселе екенін өзіңіз де білесіз. Егер оңай болса, кез келген жерге газ құбырларын лезде тартып тастар еді. Мемлекет өміршең бағдарламаларға жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Мәселен, біз айтқан осы мәселе періштенің құлағына шалынса, онда біздің ауданға мына тұрған Ырғыздан газ құбырын тарту өте қолайлы болар еді. 150 шақырым жер деген 1500 немесе 10500 шақырым емес. Яғни, Торғайдың келешегі бар деген сөз, бұл.
– Торғайдың табанынан мұнай қоры табылғаны туралы ақпараттан да жұрт жақсы хабардар…
– Өткен жылы облыс әкімі Н.Садуақасовтың тікелей басшылығымен ауданға Сапар Ысқақов, Серікжан Сейітжанов тәрізді бір топ ірі бизнес өкілдері келіп кетті. Торғайда бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде барланған мұнай қоры бар екен. Тұсында ол біраз уақыттар бойы арнайы зерттелген. Сол жұмыстар қайта қолға алынды. Әлгінде айтқан Серікжан Сейітжанов Астанадағы "Қазмұнайгаз" мекемесіне, ҚР Мұнай және газ министрлігіне тиісті құжаттарды тапсырыпты.Жақында Елордадан келген азаматтар Торғай мұнайына қатысты Аманкелдіде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Енді, осы маусым айында Ресейден мамандар шақырып, қара алтын бар деп болжанған жерлерге геологиялық барлау жұмыстарын жүргіздіреміз. Негізі, екі ауданның аумағындағы мұнай табылуы мүмкін делінген жер көлемі 75 мың шаршы метрді алып жатыр. Соның 70 пайызы Жанкелдин ауданының аумағына тиесілі. Біздің мақсатымыз сол, мұнайдың қай тереңдікте жатқанын, оның қоры қанша екенін тексеріп, сараптама жасату. Егер, Алла тағала бұйыртса,халықтың несібесі мол игілікке айналары даусыз.
– Тап бүгінгі күні Сіздің көкейіңізді күпті еткен қандай да бір мәселе бар ма?
– Бар. Әрине, ең қиыны ауданның алыстығы. Көптеген бизнес өкілдерінің қашқақтап,елге жоламауының басты себебі осы. Өзіміздің төл перзенттеріміз келмей жатқанда сырттағылар қайтсін, Торғайды?! Мен бұл мәселені ауданға әкім болып тағайындалғалы бері, бірінші күннен бастап айтып жүрмін. Ашығын айту керек, Торғайдың табанында өскен бірталай азамат-азаматшалар облыс орталықтарында, Астанада иә болмаса басқа үлкен қалаларда отыр. Оларға талай хат та жаздық, хабарластық та. Сол жігіттер елге келіп, ең болмаса судың тамшысындай үлес қосса, елдің шырайы кірер еді ғой.
Төскейі төрт түлікке төр болған

...Көшелер құрғақ өзен арнасындай,
Қала едің кәрі шуда нар басындай.
Ішіне оқиғаны тиеп-сықап,
Тарихтың қойып кеткен арбасындай.
Ғ.Қайырбеков
Бізден де бірер сөз
Ғабит Сүндетбаев, Торғай кентінің әкімі:
"Қостанай таңы" – менің серігім"

Бейсенбек Қасжанов,
Торғай кентінің тұрғыны:
"Газеттің мазмұны өзгерді"

Бетті әзірлеген Әлібек ЫБЫРАЙ