Қарағандыдағы қайғылы жайт Лисаковта қайталануы мүмкін
Естеріңізде болса, таяуда қарағандылық Алдияр атты жеткіншек төбесіне үй дәлізіндегі маңдайша бетон құлап кетіп, көз жұмған болатын. Ол осы жылы мектеп табалдырығын аттағалы жүрген еді… Лисаковта да мұндай мүшкіл халді көпқабатты үйлер бар екен. Бұл мәліметті жергілікті «Акцент» сайты жариялады.
Лисаков қаласының үшінші мөлтек ауданындағы 17-үй аса қауіпті жағдайда тұр. Іргесі қаланғалы жөндеу көрмегенге ұқсайды. Соңғы кездері назарға іліккенімен, сөзден іске көшкен бірі жоқ, білек түретін түрі жоқ. Ал қабырғасы қақырап, маңдайшасы мен қылтималары «қылмойынданған» баспана шұғыл жөнделмесе, кез келген мезетте омырылып түсуі мүмкін. Қарағандыда болған оқиғадан хабардар тұрғындардың үрейі үдей түскен. Естері кіресілі-шығасылы ойын жасындағы балалары үшін алаңдаулы. Тіпті олар тиісті мекемеге хат жолдапты. Алайда биыл қаржының жоқтығы қол байлап тұрғаны айтылыпты жауапта. «Оларда ақша біреу майып болғаннан кейін ғана болатын шығар»,-деп ашынады ата-ана. 3-ші шағын ауданның басқарушысы болса, нақ осы ықшам ауданға жауапты мекеменің қаржылық жағдай өте ауыр екенін алға тартады. Жөндеуге кіріскен күннің өзінде, тек апатты тұстары ғана қалыпқа келтірілетінін кесіп айтады. Дегенмен 17-үй тұрғындары ортақ баспаналарының қамы үшін өзара қаржы жинап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» дайын отыр.
Жандос Жүсіпбек