Туу туралы куәлік алу жеңілдеді
Қазақстанда жаңа жылдан бастап нәрестенің туу туралы куәлігін алу процесінің қолайлы қызметі іске қосылды. Бұдан былай әрбір ата-ана сәбидің құжаттарын ұялы телефон арқылы әзірлейді.Бұл туралы өткен жылдың соңында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев хабарлаған болатын. Мәселен, сәби дүниеге келгеннен кейін оның ата-анасының телефон нөміріне құттықтау мен бірқатар сұрақ жіберіледі. Туу туралы куәлік пен жәрдемақыны алу және балабақшаға кезекке тұрғызу үшін сәбидің аты-жөні мен басқа да мәліметтері сұралады. Кейін өтініш беруші қажетті құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кете алады немесе үйіне жеткізіп беру қызметін қолдануға құқылы.
Жоба Қазақстан бойынша жұмыс істейді. Оның қызметін пайдалану үшін электронды үкімет порталында тіркеуде болу қажет. Оны www.egov.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы жүзеге асыра аласыз.
Бүгіндері мемлекеттік қызметтердің біразы ұялы телефон арқылы жүзеге асатыны аян. Алдағы уақытта бұндай жаңалық зейнетақымен қаматамасыз ету саласына да енгізілуі ықтимал.
Сонымен қатар, осылайша, әрбір елді мекенде ғаламтор қызметін жан-жақты дамытуға мүмкіндік зор.
Жаңа жыл түнінде Қостанай қалалық перинаталды орталығында тоғыз бала дүние есігін ашқан. Оның бесеуі – қыз, төртеуі – ұл бала. Ал, облыстық перзентханада төрт сәби туған. Дегенмен, халыққа қызмет көрсету орталығының мәліметіне сүйенсек, Қостанай облысы бойынша әлі мұндай өтініш келіп түспеген.
– Жыл енді басталғандықтан болар, қазіргі уақытта бізге әлі ешқандай өтініш келмеді. Бұл қанатқақты жоба уақыт өте қолданысқа енетініне сенімдімін. Біз перзентханаларда түсіндіру жұмыстарын бастадық. Алдағы уақытта ауылды жерлерге де барамыз. Бүгіндері республика бойынша мыңға жуық ата-анаға SMS хабарлама жіберілген, соның екі жүзден астамы осы қызмет түрін пайдаланып отыр,-дейді Қостанай облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Аян Сүлейменов.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.