Сәйгүліктің шабысы-ай!
Қостанай ауданының Заречный ауылында ат жарысынан облыстық чемпионат өтті. Өңірдің әр түкпірінен келген жүйріктер бірнеше қашықтықта бақ сынасып, аударыспақ, қыз қуу, көкпар, теңге ілу сынды ойын түрлерінен бәсекеге түсті. Қыз қуудан Қостанай ауданының жұбы жеңімпаз атанды. Көкпардан да аталған ауданының шабандоздары өзге командалардан үздік ойынымен оқ бойы озық болды. Екінші орынды Денисов ауданы, үшінші жүлдені Сарыкөл ауданы қанжығалады. Ал, кекілін жел тараған күліктер 2400, 3200, 6000, 12000 метр қашықтықтарда ауыздықпен алысты. 24 шақырымдық аламан бәйгеде науырзымдық «Жеңіс» атты тұлпар алдына жан салмады. Айта кетелік, бұл жануардың иесі – биыл «Қазақстан барысына» қатысқан шебер балуан Ерлан Омаров. Жеңімпаз жануар егесіне көлік кілті табыс етілді.
Командалық есепте Қостанай ауданы 1-орынға ие болды, қарасулықтар 2-ші тұғырдан көрінсе, Сарыкөл ауданының шабандоздары қола жүлдемен қоржын майлады. Обылстық чемпионаттың жеңімпаздары республикалық бәсекеге жолдама алды.
Жандос Жүсіпбек