Рудный қаласы – жарыстың келесі қожайыны (облыстық «Тың-2015» спартакиадасының жабылу салтанатынан)
6-8 тамыз күндері облыстық ХХХ спартакиада ойындары мәресіне жетті. Қостанай ауданы ұйымдастырған айтулы мереке көпшіліктің көңілінен шықты. Спартакиада барысында үстел теннисі, жеңіл атлетика, футбол, баскетбол, волейбол, шахмат, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру сайыстарынан бөлек, аудан-қала әкімдері арасында ұйымдастырылған мылтық ату жарысын ерекше атап өтуге болады. Ал жарыс аясында ұлттық спорт түрлерінен чемпионаттың тартысты өткенін атаған жөн.
Спартакиаданың жабылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтып, барлық ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Нұралы Садуақасов облысымызда спорттың дамуына үлкен мән беріліп отырғанын, келешек ұрпақтың салауатты өмір сүруі үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын атап өтті.
Сонымен бірнеше күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша қалалар арасында Арқалық – үшінші, Рудный – екінші, ал Қостанай қаласы бірінші орынды иеленді. Жүлде иелерінің барлығына мадақтама қағаздары мен кубоктар табыс етілді.
Аудандар арасында жалпыкомандалық есепте Жітіқара өңірі – үшінші, Федоров – екінші орынды алған болса, жарыс қожайыны – Қостанай ауданы жеңімпаз танылды.
Ал әкімдер арасында өткізілген мылтық ату жарысында Қостанай ауданының басшысы Тәуба Исабаевтың алдына түскен ешкім жоқ. Лисаков қаласының әкімі Марат Жүндібаев екінші орынды иеленсе, Арқалық шаһарының басшысы Ғазиз Бекмұхамедов үшінші сұрмерген атанды.
Келесі жылғы «Тың-2016» облыстық спартакиадасы Рудный қаласында өтетін болды. Биылғы жарыс қожайындары спартакиада байрағын кенді өлкенің өкілдеріне табыс етті.
Спартакиада барысында Қостанай ауданының орталығы да шарадан тыс қалған жоқ. Затобол кенті күні қарсаңында «Алтын дән» мәдениет сарайының алдында көрермен гүлдер көрмесі, черлидер (гимнастикалық би сайысы), көше биі жарыстарын тамашалады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ