Белсенді еңбек ұжымы
«Арай-Холдинг» ЖШС облыс аумағындағы ең ірі әрі көпсалалы агроөнеркәсіптік Холдинг болып саналады. Компания ауылшаруашылығы өнімдерін қайта даярлау және халық тұтынатын сапалы тауарларды дайындайды.
Кәсіпорында үш мыңнан астам жұмысшы еңбек етуде. Еңбек ұжымы «Нұр Отан» партиясының бірнеше жобаларын белсенді түрде жүзеге асыруда. Соның ішінде «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 4 мүгедекті жұмысқа қабылдады. Соның екеуі Павел Сидорчук және Алексей Лукутин спортпен айналысады. Нәтижесінде республикалық чемпионаттар мен халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаздары атанды. Компанияның жанындағы бастауыш партия ұйымы жуырда рейд жүргізіп, жұмыс орнының мүгедектерге қолайлылығын тексерді.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесіне баса мән береміз. Сондықтан рейд арқылы жұмыс орнының мүгедектерге ыңғайлылығы және нысандардың қолжетімділігі тексерілді. Осылайша, арнайы құрылған комиссия кәсіпорын басшылығының жұмысшыларға барлық жағдайды жасап отырғанына көз жеткізді,-деді «Арай» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы Абылайхан Демисенов.
Аталған компания «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты балалық», «Мектепке жол» партиялық жобалары бойынша да игі іс-шараларды жүзеге асыруда. «Нұр Отан» партиясының Қостанай облысындағы ең ірі бастауыш партия ұйымдарының бірі дәл осы кәсіпорын базасында орналасқан.
Қымбат ДОСЖАНОВА