“100 нақты қадам” Ұлт жоспары талқыланды
Рудный қалалық «Нұр Отан» партиясының филиалында Ел Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған бастамалары талқыланды. Кездесу облыстың «ГрИн» азаматтық альянсы өкілдерінің, Лисаков және Таран аудандарынан келген партия белсенділерінің қатысуымен өтті.
Алғаш боп сөз алған Азаматтық альянстың көшбасшысы Динара Өтебаева қостанайлықтардың жүрегіне жол тауып, қызу пікірталас тудырған бес институционалды реформаға кеңінен тоқталды. Егемен елдің еңсерген жетістіктерін атады. Мысалы Ұзынкөл ауданында ер кісілер аз қамтылған отбасылардан шыққан ұл балаларға көмек көрсету үшін «Әкелер кеңесін» ұйымдастырғанын атап өтсек болады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, осындай ұйымдардың жастарға тәрбиелік мәні зор екендігі сөзсіз.
Жоба үйлестірушісі, «Бірлескен ұйымдар ассоциациясы» АҚ өкілі Саят Шаймұханов «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты Жолдауды іске асыру мақсатында өңірде жасалған іргелі істер туралы айтып берді. Оған мысал ретінде «Арқалық-Шұбаркөл» темір жол учаскесінің іске қосылуын келтірсек болады.
Кәсіпкерлікті қолдау орталығының өкілі Ольга Прядко шағын және орта бизнестің дамуындағы жетістіктер мен мәселелерді баяндап, жүзеге асырылған жобалар туралы мәлімет берді. Кездесу соңында мемлекеттік мекеме-кәсіпорын қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдері Ұлт жоспарындағы нақты міндеттерді орындауға қатысты өз ұсыныс-тілектерін ортаға салды.