Облыстық ТЖД бірінші жартыжылдықты қорытындылады
Департамент бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Т. Кәкімовтың төрағалығымен есеп беру кеңесі болды. Бұл жайлы ТЖД баспасөз қызметі ақпарат берді.
Кеңес жұмысына Департамент аппаратының жауапты қызметкерлері, қалалық және аудандық бөлімшелердің бастықтары және басшылары қатысты. Жиын барысында жартыжылдық аясында жасалған жұмыстар «жіпке тізілді».
Жыл басынан бастап облыста авариялық-құтқару қызметіне 194 дабыл түскен. (Өткен жылы ол 300-ден астам болған-ды). 40 жапа шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп,150 адам құтқарылды. Былтыр 253 адамның өмірі өлімнен арашаланған болатын. Сондай-ақ, обылыс аумағында табиғи және техногендік сипатта 45 төтенше жағдай тіркелді. Одан 51 адам жапа шегіп, 35 адам мерт болды. Бұның да былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда аз екені тілге тиек етіліп отыр.
Кеңесті аяқтау барысында заңдылықты және қызметтік тәртіпті сақтау үшін бөлімшелерді сеніп тапсырған барлық санаттағы басшылардың рольін және жеке жауапкершлігін көтеруге бағытталған шараларды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Жандос Жүсіпбек