Денсаулықты сатып ал!
Бүгінде 25 жылдық тарихы бар «Экос» ЖШС тек Қостанай облысына ғана емес, алыс-жақын шетелге ботқа шығарумен танылып отыр. Серіктестікті басқаратын Владимир Глушков дәнді дақылды «Дмитриевка» шаруашылығында өсіріп, өзі өнімнің пісіп-жетілуін қадағалайды. Білімі механик болғанына қарамастан, ол арнайы Алматыға барып, егін шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп қайтқан. Содан кейін таза, табиғи жолмен жасалатын ботқа шығаруды бастады.
– Бұл жерде назар аударатын мәселелер көп. Балалар мен ересектерге бірдей пайдалы болатын ботқа шығару оңай емес. Мысалы, дәнді-дақылдарды өңдеуде неше түрлі химиялық қоспалар, дәмі мен иісі жақсы болуы үшін бояғыштар, тағысын тағылар қосылады. Бірақ, көптеген кәсіпкепкерлер тұтынушылардың назарына бұл ақпаратты толық жаза бермейді. Әрине, бұл – әділетсіздік. Әр адамның ағзасы әр түрлі. Сонымен қатар балалар да әр түрлі. Бір адамның қан қысымы жоғары, екіншісі асқазан жарасынан зардап шегеді. Енді бірін жүрек талмасы ауруы мазалайды. Сондықтан, ботқаның сыртқы қорабында қандай қоспалар қосылып дайындалғандығын толық жазу керек. Мен бірінші орында осы мәселелге назар аудардым. Жалпы, тамақтанудағы мәдениеттілікті сақтаған жөн, – дейді Владимир Глушков.
Қазіргі таңда серіктестік шығаратын ботқаның «Богатырская», «Овсянка» (сұлы), «Витаминная» (дәруменді), «Гречневая» (қарақұмық) сынды түрлері бар. Сонымен қатар әйелдер үшін кеңінен таралған арықтауға мүмкіндік беретін «Похудейка» (Жүдеткіш) атты түрі үлкен сұранысқа ие.
Осы серіктестікте 3 жылдан бері дайын ботқаларды қажетті қорапшаларға қаптайтын Жұмакүл Найманбаевамен сұхбаттасқанымызда, ол осы мекемеде жұмыс істеп жатқандығына қуанатындығын, әрі өзі осы ботқаны тұрақты қолданатын тұтынушының бірі екенін айтты.
– Жұмысыма шағымдана алмаймын, жалақымды әр ай сайын белгіленген күні алып отырамын. Өзім де, үйдегі бала-шағам да осы ботқаны пайдаланамыз. Қазір дүкен сөрелерінде ботқаның түрі қаптар тұр. Бірақ, оның барлығы бірдей табиғи, әрі пайдалы бола бермейді. Осындағы өнімнің қалай дайыналғанын көзбен көріп, қолмен ұстап көргесін ботқаның барлық талаптарға жауап беретіндігін жақсы білеміз. Кәсіпорынның өнімін бала бақшалар мен қарттар үйі көтерме бағамен сатып алады, – дейді ол.
Кәсіпорын таяуда органикалық өнімдерін өз сауда белгілерімен сатуға сертификат алды. Ендігі жоспар – өсімдік ақуызымен байытылған өнімдерді өндіріске енгізу.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ