Жаңа талапқа наразы

     Қостанайдың ауылшаруашылық тауар өндірушілері азық-түлік корпорациясының мемлекеттік қорға астық тапсыруға қатысты жаңа талаптарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Үкімет мемлекеттік қазына есебінен бидай сатып алуды мақұлдаған болатын. Осылайша, мемлекет арнайы квота арқылы қостанайлық диқандардан 2 млн 600 мың тонна астық сатып алуды ұйғарған. Бидайдың әр тоннасына 42 мың теңге белгіленді. Мамандардың айтуынша, бұл жаман баға емес.астық
       – Баға бұдан төмен болуы тиіс емес. Азық-түлік корпорациясы бағаны тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды. Бұл кампания ең болмағанда көктемге дейін жалғаса тұрса екен. Өйткені, қаңтар айының жоспарын толық игеруге болады. Ал ақпан, наурыз айларында баға біраз құлдырайды. Сондықтан, оның нарықтағы әсері көктемге дейін ұласуы мүмкін, – дейді «Қазақстан фермерлер одағы» ҚФ төрағасы Владимир Дранчук.
       Азық-түлік корпорациясы біздің облыстан 643 мың тонна астық сатып алмақ. Бүгінге дейін жергілікті тауар өндірушілерден 175 мың тоннаға өтініші келіп түсті. Сатуға шығарылатын бидай бұдан да көп болуы мүмкін-тұғын, бірақ, азық-түлік корпорациясы бұған дейін келісілмеген талапты алға тартып отыр.
«Корпорация астық сатып алу кезінде тауар өндіруші 90 күн ішінде бидай сақтау құнын төлеуі тиіс дегенді шығарып отыр. Біз мекеме өкілдерімен кездескенде мұндай мәселе көтерілмеген. Олардың бұл ұсынысы заңсыз. Сондықтан, бұған келіспейміз және  талапты алып тастауын сұраймыз», – дейді В.Дранчук.
        «Қазақстан фермерлер одағы» Қостанай филиалының төрағасының айтуынша, азық-түлік корпорациясы бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ, бұл мәселені екі жақ тағы бір рет пысықтайтынын жеткізді.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓