Орақ науқаны қарсаңында…
Облыс әкімі Н.Садуақасовтың кезекті іссапары Таран, Денисов, Жітіқара және Қамысты аудандарында жалғасын тапты. Іссапар мақсаты – аталған өңірлердегі астық алқаптарының орақ науқаны алдындағы ахуалымен танысу, бап-күтіміне баға беру.
Өңір басшысы әуелі Таран ауданына тиесілі танаптарды аралады. Мұндағы «Адлет-Т» және «Майлин атындағы» ЖШС-терінің егін шығымы жаман емес. Тек уақытынан бұрын сарғыш тартқан. Тамыз айы енді басталып жатса да, өңі құдды күзгі көрініс береді. Дегенмен «Адлет-Т» ЖШС директоры А.Өтеулин осы кейіпті алаңдардың орақ сала беруге «сұранып» тұрғанын, 5 күннен соң оруға кірісе беретінін айтты. Ал, «Майлин атындағы» ЖШС директоры В.Бушкин науқанды аптадан соң бастамақ ниетте. Қос шаруа басшысы да гектарына 9-10 центнер өнім алуды жорамалдап отыр.
Денисовтық диқандар да егін оруға бір аптадан соң кіріспек. Мұндағы егін алқаптарының да хал-жайы біркелкі емес.
-Даяр жерге, босқа уақыт жібермей, орақ сала беру керек. Сондай-ақ, қай төңірекке әлі де күтім керектігін анықтау, толық жетілуін бақылай тұру қажет. Жалпы, бұл маңнан аса алаңдатарлық мәселе көріп тұрғаным жоқ. Жалпы, бұл өлкеден 10 ц өнім алу күтілген еді, қазір 8-9 ц-ге «түсуімізге» тура келетіндей. ,-деді «Баталинское» ЖШС-нің егін алқаптарын шолып өткен өңір басшысы.
Ал, «Сарыағаш» ЖШС директоры Ө.Мұртазинді облыс әкімі білікті маман ретінде жақсы біледі. Егінді үкімет субсидиясынсыз еккен шаруашылық басшысы. Бидайдың қатты сұрыбын егумен айналысатын тәжірибелі диқан биыл да сол дәстүрінен танбапты. Орынборлық ең мықты сұрыпты тұқымды танап төсіне көмген-ді. Бүгінгі нәтижесі көңіл толтырарлық.
Керісінше, Жітіқарадағы егін жайы көңіл көншітпейді. «Шаңдыкөл» ЖШС-не ат басын тіреген облыс басшысы маусым айындағы іссапарын есіне түсірді.
-Ол кездегі егін қалпы жақсы үміт күттірген еді. Ал, қазір күрт төмендеп, көршілес аудандардың аухалымен салыстырғанда, кенжелеп қалғаны көзге ұрып тұр. Маусым айындағы шығым ауанына қарап 9 центнердей өнім алуға болантынын болжаған ем, қазіргі кебі, әрі кеткенде, 6,5-7 ц. ғана күттіреді. Бәлкім, табиғи жағдай кедергі жасаған шығар. Екі ай бойын жауын түскен жоқ. Дегенмен тиісті шаралар мейлінше қолданылуы керек еді,- деп, кейісін білдірді Н.Садуақасов.
Бұдан соң облыс әкімі Қамысты ауданындағы астық алқаптарын аралап, диқандармен дидарласты. Әуелі «Ақкөл»ЖШС директоры А.Ахметжановты әңгімеге тартты. Тиісті меженің 70%-ын алуды көздейді шаруа. Сөз барысында «Тобыл» ӘКК-ның демеуі арқылы егін салғанын айтты. Қазір қарызы жоқ. Өңір басшысына айтар арызы да жоқ.
Б.Князев мырза – биылғы егін егу науқанының бейберекеттеу болғанына қарамастан,бидайы бітік өскен шаруа басшыларының бірі. «Алтынсарино» ЖШС осы жылы егін алаңын 10%-ға ұлғайтқан.
-Жауын-шашынның біршама кедергі болғаны бар. Дей тұрғанмен гектарына 10 ц өнім күтіп отырмыз. Негізі, 9-10 ц алсақ, сол да бізге жетеді,-дейді серіктестік директоры. Арам шөптен ада, тамаша технологиямен бапталған егін тұрпатына облыс әкімі де тәнтілік танытты.
Өңір басшысы іссапар қорытындысында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында, жаппай орақ маусымы 15 тамызда басталатынын айтты. Шығым шығынға ұшыратпай, жорамалдардың үстінен түсуден үміт ететінін тілге тиек етті.
Жандос Жүсіпбек