Поштаның пошымы өзгерді
Сапалы қызмет көрсету – заман талабы. «Қазпошта» АҚ – ның "Бетпе бет" атты жаңа жобасына Арқалық қалалық бөлімшесі де қосылып отыр.
– Облыстық басқарманың нұсқауымен бір деңгейлі қызмет көрсету жүйесіне көштік. Қазір байланыс операторы мен тұтынушы қатар отырып жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болды. Барлық шаруларды өз күшімізбен атқардық. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. Мүмкіндігіміз келгенше қызметімізді жетілдіріп жатырмыз. Бір деңгейде жұмыс жасайтын 6 орынжай қалыптастырдық. Мақсатымыз халыққа жақын болу. Жоғары талғамдарынан шығуға күш саламыз. Электронды табло орнатып, орындықтар қойдық. Тұтынушыларымыз алғыстарын айтып жатыр, – дейді «Қазпочта» АҚ Арқалық қалалық бөлімшесінің басшысы Жанат Қосылбаева.
– Поштаның іші бұрынғыға қарағанда көп жақсарған. Осының бәрі халықтың игілігі үшін жасалған шара деп білеміз. Ел қызығын көріп жатыр. Жеке орындықтар қойылып, әрбір төлемдердің үлгісі көрсетілген. Электронды құрылғылар қойылыпты. Бұрынғыдай кезекке таласатын күндер артта қалды. Заман талабына сай жақсы үлгіде іске асып жатыр. Мекеме басшыларына, азаматтарға ел атынан алғысымызды айтамыз.
– Қаламызда күн сайын жаңалықтар болып жатыр. Соның бір айғағы халыққа қызмет көрсететін пошта мекемесінің жұмысындағы үлкен өзгерістер. Поштамыз бүгінгі талаптарға сай жабдықталып, халыққа тоқтаусыз қызмет көрсететін болды.
Әсіресе, зейнеткерлерге жақсы болған. Олар бұрынғыдай жиналып тұрмайды. Кезегімен келіп, өзінің шаруасын орындап үйлеріне қайтады. Ардагерлер дән риза.
– Поштамыз керемет болыпты. Бұрынғысынан адам танымастай өзгерген. Айтысып, тартысып жатқан ешкімді көрмейсің. Кеңейіп, жарық сәулесі артып, әдемілене түскен. Айтар алғысымыз шексіз.
Ұсынақты ұжымда 54 адам жұмыс жасайды. Тұрсынкүл Зайытова, Ұлмекен Хұсайынова, Әлия Шаяхметова, Виктория Головачук, Индира Әбішова, Анар Мұстафина сынды мамандар өз ісінің шеберлері. Әлия Әбухатина, Ақыл Бекешова, Венера Закирова, Елена Байдашова тәрізді ауылда қызмет жасайтын әріптестері де еңбек көрігін қыздырып келеді.
Жыл сайын жастарды үйретіп қатарларын толықтырып отырауды дәстүрге айналдырған. Биылғы жылы да мемлекеттік "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы арқылы 3 жас маман тәжірибеден өтуде.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.