Түйткілдің түйіні тарқатылды

Ақтолқын Жәнібекованың арызы қоғамдық дүрбелең тудырды. Естеріңізде болса, Дәулет Досмаилов атты тәртіп сақшысының көрсеткен тәртіпсіздігі, жасаған моральдық қысымы Ақтолқынның ашынысын келтірген еді. Алғашында айтар құлақ таба алмай, табалдырықтар тоздырды азаматша. Таптауда қалған құқығы мен түндігі желбіреген туған тіл үшін шырылдады. Әділеттілікті көкседі. Құзырлы мекемелерден жүгенсіз жол сақшысынан жауап алынуын талап етті… Изображение 001 Мәселенің мән-жайын қайта тарқата кетейік. Сержат Д.Досмаилов бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен Ақтолқынға айыппұл белгілеп, хаттаманы орыс тілінде толтыруға күштеген. «Орыс тілінде жазсаң  10 мың, қазақша толтырсаң  20 мың төлейсің. Қазақшаны өз ауылыңда қолданасың» деп үркітіп-қорқытқан. dosmailov-daulet-349x218_c
Ақыры күштеп орыс тілінде толтыртыпты. Құқығы тапталып, психологиялық, моральдық қысым көрген Ақтолқын есінен танып құлайды. Жедел жәрдем шақыртуға тура келген. Қолына аурухана ұстатқан анықтама қағазы дәлелдейді оны. Айығып шығысымен Д.Досмаиловтың үстінен арыз жазып, қалалық сотқа, «Нұр Отан» партиясы  ҚОФ-на, облыстық ІІД-не барған. Уәде етілгеніндей екі апта жауап күтіпті. Қайран болмағасын біздің редакцияға келіп, баспасөзге жүгінуді жөн көрген. Болған жайды бастан-аяқ бүкпесіз баяндап берді. Баяндауы негізінде материал дайындап, газет сайтына дереу жарияладық. «Қазақ «қазаққа» қазақша сөйлегені үшін айыпты болды» деп ат қойдық (https://old.kostanaytany.kz/archives/25772). Ғаламтор оқырмандары «лап қойды». Сайттар жарыса көшіріп, толассыз пікірлер қалдырып жатты. «Қостанай таңы» газетінің ресми сайтында жарияланған осы мақаланы оқығандар саны 10 мыңнан асты. Мақсатымыз Ақтолқынға ақпараттық қолдау, қолғабыс көрсету болған-ды. Сондықтан сол күні-ақ облыстық ІІД бастығы Т.Маткеновке редакция атынан хат жолданған еді. «Д.Досмаиловтың бұл әрекеті қаншалықты заңды? Хаттамалар тек орыс тілінде толтырылуы міндетті ме?» деген сынды сұрақтарды алға тарттық. Қысқасы, хатта мәселенің ақ-қарасын ажыратып беру өтініш етілді. Талапқа сәйкес, 3 тәулікте жауап хат келді. Алайда онда тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны, түбегейлі ақпарат қызметтік тергеу қорытындысы негізінде берілетіні айтылған еді. 
Көп күттірген шешуші жауап бүгін қолымызға тиді. AkZiHo3anBOCbvcB0_LPBnq0tfsLebXfpMolfnhCjmBMРесми хатта Д.Досмаилов әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істі жүргізу тілін нақты белгілемей, заңдылық талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік шара қолданылғаны жазылыпты. Ақтолқынның да, біздің де, ғаламтор оқырмандарының да көксегені осы болатын: азаматшаға анайылық көрсетіп, ана тілін аяқ асты еткен айыпкер жазасыз қалмады. Сондай-ақ, осы хатта дәл мұндай жағдайға екіншілей жол бермеу мақсатында алдын алу жұмыстарының жүргізілгені айтылыпты.  

Әділ шешім тосып, әліптің артын бағып отырған оқырман таңдай тұщытарлық жауап алды деп есептейміз. Түйткіл түйіншегінің тарқатылуына тікелей  www.kostanaytany.kz  сайты дәнекер, ықпал бола алғанын айту керек.
 
Жандос Жүсіпбек 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓