Спартакиада өткізуге Қостанай ауданы сақадай сай дайын

Өңір басшысы Нұралы Садуақасов жұмыс сапарымен Қостанай ауданына барып, бірнеше нысандарды аралап, тамыз айының 7 күні аудан орталығы Затобол кентінде жалауын көтеретін облыстық «Тың» спартакиадасының дайындығын байқады.
Алдымен әр аудан, қаладан келетін спортшыларды күтетін орындарды назарға алды. Содан кейін Заречный ауылындағы «Арғымақ» ат спорты алаңына барып, жөндеу жұмыстарын көрді.
– Ат спортына қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Бәйге басталысымен халықтың да бұл маңға көп келетіні анық. Сондықтан да сақтық шараларын мықтап қолға алыңыздар. Тәртіп те күшейтілгені дұрыс,- деп Нұралы Садуақасов аудан әкімі Тәуба Исабаевқа тапсырма жүктеді. Қостанай ауданы өңірдегі ең спорттық айтулы меркеге сақадай сай дайын көрінеді.IMG_8774
Бұл нысаннан бет алған соң өңір басшысы Заречный ауылының күн шығыс жағындағы құрылысы жас айында бастау алған су арығының жайымен танысты. Естеріңізде болса, биылғы көктем айында қар суынан заречныйлық тұрғындар едәуір запа шеккен-ді. Міне, сол тұрғыдан жергілікті билік алдағы жылы оқыс оқиғаның қайталанбауы үшін қам жасап отыр. Аталған жобаның мердігері «АРВИС» ЖШС-нің басшысы Р.Авитисян облыс әкіміне барлық жайтпен таныстырып, жұмыс ойдағыдай, қарқынды жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Нұралы Садуақасов бұл нысанды тезірек уақытында тапсыруын әрі жұмысты сапалы орындауын жүктеді мердігерге.
Су арығы құрылысына 156 млн. 537 мың теңге қаржы бұйырған. Қазір соның 109 млн. теңгеге жуығы игеріліпті. Мердігердің айтуынша, әзірге еш қиындық сезілмейді. Тапсыратын мерзімі де алқымнан алып бара жатқан жоқ. Қыркүйек-қазан айында нысан толық пайдаланылады.
Бұл жерде көп аялдамай әкім мінген кортеж егістік алқапқа жол тартты. Әне-міне дегенше күз айы да есік қағып тұр. Бидайдың түсімі қалай, қаншалықты егін бітік? Міне, осы сұрақтармен Нұралы Садуақасов егістік басында бірқатар аудан диқандарымен пікірлесті.
– Қазір егін неге ділгір екенін жақсы білесіздер. Тамыз айында сәл жауын-шашынның керегі анық. Бидай тұқымының сортын сұрыптаумен айналысатын ғылыми шаруашылықтың күйін көріп тұрмын,- деді облыс әкімі Владимир Черненко басқаратын «Заречный тәжірибелі шаруашылығы» ЖШС-нің ғылыми қызметкерлеріне. – Кейбір өсірген бидай сорттары дімкәстанып қалыпты. Бұл неліктен екен?Посев
– Бидайдың 48 түріне ғылыми тәжірибе жүргіздік. Кейбірі біздің климатқа келмейді. Мұның сыры осында,- деді ғылыми қызметкер аласарып арасы алшақ өскен егістікті байқаған өңір басшысына.
Бұл әңгімені одан әрі өрбіткен Нұралы Садуақасов солтүстік облыстардың қазіргі климатына төзетін һәм көп өнім беретін бидай сорттарын тәжірибеден бірнеше мәрте өткізуді, ғылыми технологияны жаңарту қажеттігін әңгімеледі. Сондай-ақ, «Шеминовка», «К.Маркс атындағы» ЖШС-нің жерін аралап, мұндағы жаймен таныса отырып, егін орағы науқанына шаруашылықтардың дайындығын пысықтады.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓