Көршісінің 4 келі кәмпитін ұрлаған әйел ұсталды
Екі күн ішінде тәртіп сақшылары 20 пәтер тонау фактілерін әшкере етті. Мәселен, 27 шілде күні Красноармейская көшесінде жеке үйден бағалы заттар ұрланған. 250 мың теңгенің алтын бұйымдарын 27 жасар ер адам қолды етпек болған. Полицияның жедел іздестіру шараларының нәтижесінде ұрлықшы көп ұзамай қолға түсіп, оның заңсыз олжасы иесіне қайтарылды.
Әулиекөл ауылының тұрғыны өз ауылдасының үйіне терезе арқылы енген. Оның қызығып алып кеткені бір қап цемент, DVD плейер, ұялы телефонды қуаттандыру құрылғысы, шлакоблок құятын құрал және 21 мың теңге болды. Қылмыскер дер кезінде құрықталып, ұрланған заттар басым бөлігі қайтарылды.
Пәтер тонау оқиғалары әр алуан. Бірі бағалы заттарға қол салса, енді бірі азық-түлікті олжа еткенді жөн көреді. Жітіқара қаласының 85 жасар тұрғынының үйіне түскен ұры бағалы заттарды қозғамапты. Пәтер тонаушы зейнеткердің 4 келі кәмпитін, екі құты қойытылған сүтін, кәді икрасын, макарон және сегіз шыны коньякті алып кеткен. Тәртіп сақшылары қылмыскерді тез анықтады. Азық-түлікті ұрлап әкеткен қарияның 55 жасар көршісі болып шықты. Әйел кіре беріс есікке кілт іріктеп, тауып, пәтерге кірген. Содан оның тоңазытқышын босатып кеткен.
Жыл басынан бері Қостанай облысында 1507 пәтер тонау дерегі тіркелген. Олардың мыңнан астамында қылмыскерлер құрықталған.
Махаббат Бекбай