Сапалы ауыз су – Обағанда

Тіршіліктің басты көзі – су. Онда да ауыз су мәселесі бүгінде алдыңғы орынға шықты. Ертеректе салынған су құбырларының әбден ескіріп, өзен-көлдердің ластануы еліміздегі мыңдаған елді мекеннің халқын әбігерге салғаны шындық. Дегенмен, қол қусырып, қарап отыруға болмас. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасына өзіндік үлес қосқан азаматты Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылынан кезіктірдік. Ауылдың апталдай азаматы, «Мирас» ШҚ басшысы Болат Кәрібаев осыдан үш жыл бұрын өз қаржысына су тазартатын қондырғы салыпты. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі үшін Мемлекет басшысы тағайындаған «Парыз» сыйлығын да алып үлгерген кәсіпкер осылайша өзінің туған ауылындағы ауыз су мәселесін толығымен шешкен.IMG_7900
– Су 54 метр тереңдіктен арнайы 7 фильтрден өтіп, артық тұз, техникалық қоқыс пен бактериялардан тазартылып, тұшытылып шығады. Қондырғының күніне 4 тоннаға дейін су тазартуға қуаты жетеді. Сапасы санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарының жіті бақылауында. Бұрын көл суын ішіп, түрлі ауруларға душар болған ауылдастарымның денсаулығын ойлап, осындай қондырғыны орнаттық, – дейді Болат Жұмашұлы.
Жобаны жүзеге асыруға 5 млн теңге жұмсалыпты. Алайда құрал-жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеп тұруы үшін жеті сайын таблеткалы және иодталмаған тұз, марганец, картридждер сатып алынады. Соған қарамастан ауыз судың бір литрі 1 теңге.
– «Судың да сұрауы бар» дейді ғой. Тегін судың қадірі болмайды. Мақсат пайда табу емес, су ысырап болмасын деп осы бағаны бекіттік. Себебі шығын шаш етектен, – дейді ауыл жанашыры.
Обағандықтар техникалық суды ауыл айналасында орын тепкен үш көлден алады. Сондықтан тұшыту стансасына құтыларын (фляг) ала келген тұрғындар мұндағы суды тек ішу үшін қолданатынын айтады.
– Ауыз су мәселесi шешiмiн тапқанына бәрiмiз қуаныштымыз. Бұған дейiн ауыл тұрғындары жаппай көлдiң суын iшкен болатынбыз. Мiне, мөлдiр, дәмi жұмсақ, тазалығы жағынан гигиеналық талапқа сай ауыз суға қол жеткіздік. Осынау іске себепші болған ауыл жанашыры Болат Жұмашұлына үлкен рахметімді айтамын. Бiр құты су iшуiмiзге 1-2 күнге толық жетедi, бағасы да көңiлге қонымды, – дейдi ауыл тұрғыны Бегайдар Байменов.IMG_7907
Обаған Россия ауылдық округіне енгентіктен бұл ауылда әкім жоқ. Есесіне, әкімге бергісіз азаматы бар. Туған ауылының тағдырына бей-жай қарамай, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып отырған Болат Кәрібаевтың ісі көпке үлгі болары сөзсіз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓