«Қостанай облысының Еңбек Даңқы кітабы» облыстық эстафетасы бастау алды
Жұрты үшін елеулі еңбек еткен ерен ерлердің есімдері ел есінде мәңгі сақталады. Талай тарландарды түлеткен қарт Қостанай да өзінің Еңбек Ерлеріне деген құрметін көрсетіп келеді. Адамның рухани байлығы кітап десек, облысымызда қажырлы қызмет жасаған даңқты тұлғаларымызға арналған кітап эстафетасы жалауын көтерді. Шара Достық үйінде ұйымдастырылды. «Қостанай облысының Еңбек Даңқы кітабы» атты бірлескен жобаның жарыққа шығуына Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы, Мұрағаттар және кұжаттама басқармасы, Білім басқармасы, «ҚР ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық филиалы, «Қостанай облысының кәсіподақ орталығы» мұрындық бола білді. Арнайы шақырылған қонақтардың арасында атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева апамыз бен Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарқын» ЖШС директоры Сайран Бұқанов болды. БАҚ өкілдеріне арналған дөңгелек үстелді жүргізген Ішкі саясат басқармасы басшысы Жанділдә Мақанов эстафетаның мақсатын түсіндірді.
– 2016 жылы Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл толады. Осы айтулы мерекені атап өту шеңберінде еңбек ардагерлерлерінің, жалпы еңбеккерлердің есімдерін мәңгі есте сақтау бойынша аумақтық бірлестіктің тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін облысымызда бірнеше мәрте ең жоғары марапаттарға ие болған аға-апаларымыз аз емес, – деді Жанділдә Қожахметұлы.
Жиын барысында Қостанай облысы әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова 1921 жылдан бері сақталған фотосуретпен таныстырды. Ол сол кездегі он үш Еңбек Ерінің мараппатталу сәтінен қалған сурет екен. Гүлжан Ермашқызы сөйлеген сөзінде мұрағатта жатқан осынау тарих тәбәрігі жас ұрпақ үшін құнды саналатынын жеткізді.
«Қостанай облысының Еңбек Даңқы Кітабына» 1936-2015 жылдар аралығындағы: Социалистік Еңбек Ерлері, Еңбек Даңқы ордені иегерлері, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салалары бойынша атағы шыққан кісілер, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Құрмет Белгісі», Еңбек Даңқы дәрежесі, «Қажырлы еңбегі үшін», «Ерең еңбегі үшін» медальдарына, «Қазақстанның Еңбек Epi», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атақтарына, «Отан», «Құрмет», I, II, III дәрежелі «Барыс», I, II, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендеріне, «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған облыс мақтаныштары туралы ақпарат енгізіледі.
Бағалы басылым эстафетасы ,алдымен, Меңдіқара ауданынан басталатын болады. Содан кейін Аманкелді ауданы кезек алады. Ұлы Октябрь Революциясының 30 жылдығын атап өткен жылдары Кеңес Одағы бойынша көптеген ауыл шаруашылығы озаттарына Социалистік Еңбек Ері атағы берілгені белгілі. Олардың қатарында Аманкелді ауданы бойынша 14 адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұлар еңбекте ерен табысқа жеткен шопандар мен жылқышылар, ферма меңгерушілері, колхоз басқармаларының төрағалары болатын. Бұл жайлы және ерен еңбек еткен басқа да тұлғалардың игілікті істерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы баяндап берді.
Сонымен, Меңдіқара ауданынан келген делегация «Қостанай облысының Еңбек Даңқы Кітабын» Кәмшат Дөненбаева мен Сайран Бұқановтың қолынан қабылдап алды. Кәмшат Байғазықызы тілек білдіріп, бастаманы қолдайтынын жеткізді, тіпті көзіне жас алды анамыз.
– Қазір – жастардың заманы. Барлығы да солар үшін. Елбасымыздың өзі ардагерлерге деген құрметтің құнды екенін айтып отырады. Кітапқа кірген Қостанайға еңбегі сіңгендердің көпшілігі ,өкінішке орай, өмірден өтіп кетті. Бірақ, жас ұрпақ еңбеккерлердің ерліктерін есте сақтап, мақтанышпен айтып отыруы керек. Осындай іс-шараға шақырып отырғандарыңызға алғысымды білдіремін, – деді Батыр Ана.
Қасқырбай Қойшыманов
сіздерге мақала жіберейін деп едім қалай жіберуге болады
kt-fan@mail.ru почтасына жіберіңіз.