Статистиктер жартыжылдықты қорытындылады
Қостанай облыстық пресс-клубының бұл жолғы қонағы ретінде Статистика департаменті басшысының орынбасары Ольга Шахматова шақырылды. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы жартыжылдығының статистикасына шолу жасап, әр саланың жетістіктері мен кем-кетік тұстарын әңгімелеп берді.
Алдымен, облыс халқының санына тоқталған Ольга Николаевна былтырғы жылға қарағанда халық өсімінің артқанын айтты.
Биылғы 1 маусымдағы есеп бойынша өңір халқы 882542 адамды құрапты. Соның ішінде қалалықтардың үлесі 463106 адам болса, ауылдықтардың үлесі 419436 адам екен. Жыл басынан бермен қарай облыс халқы 1086 адамға көбейіп, қала халқының саны 2867 жанға артса, ал ауылдықтар керісінше 1781 адамға кеміген екен.
Бұдан әрі Ольга Николаевна бала туу мен өлгендердің және некеге тұрғандар мен ажырасқандардың да көрсеткішін тізбелеп берді. Мұнда да ауыз толтырып айтатындай әзірге жақсы сипат байқалмайды.
Инфляцияға тоқталсақ, тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 101,4 құрапты. Бұл көңілге жағыммыздау боп көрінді. Неге десеңіз, азық-түлік бағалары 1,2%-ға өскен. Алкогольдік ішімдіктер 7,4%, алкоголсіз сусындар 6,3%, жеміс-жидек, көкөністер 2,9% нан-тоқаш және жармалар 1,8, сүт өнімдері 1,6%, балық және теңіз өнімдері 0,6%, май және тоң майлар 0,5%-ға қымбаттаған. Есесіне жұмыртқа 32,1%, қант 5,9%, ет 1,3%-ға арзандапты.
Облыс экономикасының ең негізгі тірегі болып саналатын ауыл шаруашылық өнімдері мен тау-кен өндірісінің статистикасы тіпті, көңіл көншітпейді. Керісінше, өнеркәсіп өнімдері әсіресе, «ЕвразКаспианСталь» мен «Агромашхолдингтің» көрсеткіші өңір экономикасының біраз олқы тұстарын жауып отыр. Мұны брифинг кезінде статистика маманы тәптіштеп айтып берді.
Өңдеу өнеркәсібінде өткен жылмен салыстырғанда жеңіл жолаушылар автомобильдері, ыстықтай ілектелген өзектер мен шыбықтар, қатты тұрдегі сүт, дәнді дақылдардан және өсімдіктен жасалған ұг, сыра көбірек шығарылған.
Өңірдің капиталға салынған қаржы көлемі бағалау есебімен салыстырғанда 69,5 млрд теңгені құраған. Арқалық қаласы мен Аманкелді, Науырзым, Қамысты, Денисов аудандарында инвестициялық салымдар көлемі едәуір өскені байқалады.
Қаржы ресурстарының ең көлемі Қостанай мен Рудный шаһарларында игерілген. Негізгі капиталға салынған қаржы көбіне кәсіпорындар, ұйымдар және халықтың меншікті қаражаттары есебінен қаржыландырылған.
Инвесторларға өнеркәсіп, ауыл, орман және балық шаруашылығы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар сияқты салалар тартымды болып табылып, олар осы нысандарға басты назар аударған.
Сөз соңында Ольга Шахматова құрылыс жұмыстарының жалпы статистикасына да тоқталып, мұндағы көрсеткіштердің жыл сайын жақсы нәтижеге жеткенін тілге тиек етті.
Брифинг модераторы облыстық ішкі саясат департаменті басшысының орынбасары Ерлан Қалмақов журналистермен өткен жүздесуді қорытындылап, келесі аптадағы қонақ – Әуликөл ауданының әкімі Амантай Балғарин болатындығын ескертті.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.