Бір тәулікте 130 өрт оқиғасы тіркелді
Қазір облыс аумағында өрттің тұтану жағдайлары өршіп тұр. Бұған басты себеп терек ұлпалары болып отыр. Жаздың осы мезгілінде жиі қайталанатын бұл жағдай өрт сөндірушілерді де әбден әбігерге салуда. Мәселен, өткен тәулікте облыс аумағында 130 өрт оқиғасы тіркелген.
Қазіргі таңда тілсіз жаудың барлығының тұтануына себеп болған терек ұлпасы екендігі белгілі болды. Үлпілдеген ұлпалар сәл ғана ұшқын тисе қаулай жөнеледі. Жылу құбырларына, ағаштан салынған нысандарға қауіп төндіретін өртке кейде адамдардың салғырттығы да себеп болуда. Осыған орай өрт сөндіру қызметінің мамандары тұрғындарға үнпарақтар таратуда. Онда оттан абай болудың жолдары жан-жақты түсіндірілген. Қардай бораған ұлпалар, өрт сөндірушілердің ғана емес, қарапайым қала тұрғындарының берекесін алып барады. Қостанай облысы ТЖД баспасөз хатшысы Зәмзәгүл Айдарбекқызының айтуына қарағанда, соңғы күндері терек ұлпасының кесірінен өрттердің шығуы жиілеп кетті. Мысалы, осыдан үш күн бұрын 50 өрт тіркелсе, одан кейін 76 өрт, кеше 130-дан астам өрт тіркелген . Соның ішінде Қостанай қаласының орталығында осындай өрттер өршіп тұр. Өйткені әрбір 10 минут сайын өртке қарсы қызметке қоңыраулар шалынуда.