«Жайдарман» талапты жастарды танытты

Жуырда Тобыл кентi әкiмiнiң ауыспалы кубогi үшiн аймақтық «Жайдарман» ойындары болып өттi.
ктк Бүгiнде «Жайдарман» (көңілді тапқырлар клубы) – жастар арасында жедел дамып келеді.Сахна мәдениетi мен шеберлiгi, ән мен би, мимика, сөйлеу мәнерi, ой ұшқырлығы сияқты өнер атаулының түрлi жанрларын қамтитын әзіл-қалжың шығармашыл жастардың шеберлiктерiн жетiлдiре түскенін көрсетедi. Бұл жастардың дұрыс қоғамдық пiкiр қалыптастырып, заманмен қатар даму арқылы өмiрде өз орнын дұрыс таба бiлуге баулиды. Аймақтық жайдарманға Қостанай, Рудный, Жiтiқара, Лисаков (екi команда), Таран, Тобыл елдi мекендерiнiң оқушылары мен студенттерiнен құралған жетi команда бақ сынасты. Ойын барысында жастардың қалжындарының басым денi әдеттегiдей қоғамдағы түйткiлдi мәселелерге арналды. Көңiлдiлер мен тапқырлар салауатты өмiр салтын ұстану, мемлекеттiк тiлдi дамыту, өз елiнiң патриоты болу қажеттiгiн астарлы, әрi орынды қалжыңдармен жеткiздi. Ал сайыстың негiзгi мақсаты – ауыл жастарының арасында шығармашылық белсендiлiктi арттыру. Елгезек, шапшаң, өздерiне сенiмдi қатысушы командалардың бiрқатары қысқа да, нұсқа әзiлдерiмен залды күлкiге кенелткен болса, кейбiреулерi оларға қарағанда сәтсіз сайысты. «Сын түзелмей, мiн түзелмейдi» деген атам қазақ,шыны керек, кейбiр командалардың жетiлдiретін тұстары әлi де бар. Соған қарамастан ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылған аймақтық жайдарманға Новоильин, Валерьян және аудан орталығынан арнайы келген өнер сүйер қауымның толы болғаны соншалық, тiптi ине шаншар орын болған жоқ. Әдеттегiдей, жайдарманды қорытындылаған қазылар алқасы өз шешімін шығарды. Тартысты өткен бәсекенiң нәтижесiнде үшiншi орынды «Анти-ЕНТ» командасы (Лисаков қаласы) иеленсе, екiншi орынға «Бес саусақ» командасы (Рудный қаласы) табан тiредi. Ал, Тобыл кентi әкiмiнiң ауыспалы Кубогiн «Сөзжетпес» командасы (Қостанай қаласы) қанжығаларына iлiп кеттi. Аймақтық қазақша КТК ойынының өтуiне ұйытқы болған Тобыл орта мектебiнiң жас мұғалiмдерi Ерболат Зейнелов пен Жасұлан Құрманғалиев жастар бастамасына қолдау көрсеткен Баймағамбет Каукинге және демеушiлiк жасаған ел ағалары Жұмабек Омаров пен Төлендi Ибрашевке зор алғыстарын бiлдiредi. Осылайша ел арасынан шыққан азаматтарымыз әрдайым қол ұшын берiп, өз үлестерiн қосатын болса, жайдарманның ғана емес, басқа игi шаралардың да дәстүрлi түрде өткiзiлетiнi сөзсiз.
 
Асыл Құрманбек
Таран ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓