Би билейміз дөңгелеп…
Тәуелсіздік күні қарсаңында бүгін №15 балабақшаның акт залында өткен «Біздің күшіміз – достықта» қалалық фестиваль өз мәресіне жетті. Осы сайыстың бірінші турында қаладағы барлық балабақшалардың тәрбиеленушілері ән мен күйден сайысқа түскен болатын. Осы жолы тек фестивальде өнерлерімен көпшілікті тәнті қылған бүлдіршіндер ғана іріктеліп, сынға түсті.
Бірі билесе, бірі ән салды. Өмірге енді қадам басқан балғындар ән мен биден шашу шашты.
Балғындар арасында өткен фестивальде «Халық биі» номинациясы бойынша Қостанай қалалық №6 бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері үшінші орынды жеңіп алды.
-Біз бұл сайысқа «Бір шаңырақ астында» тақырыбымен халық билерінен папури дайындап барған едік. Дамир Лелеков, Айзия Қыдырбекқызы, Томирис Саламатова, Абылай Дүкенбай есімді бүлдіршіндеріміз орыс, қазақ, әзірбайжан, түрік ұлттарының ұлттық билерін билеп, өз өнерлерін ортаға салды, – дейді Қостанай қалалық №6 бөбекжай-бақшаның тәрбиешісі Алмагүл Жақанова.