Жартыжылдықтағы жетістіктер мен кем-кетік тұстар
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңір басшысы Нұралы Садуақасов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының жарты жылдығын қорытындылап, индустриалды-иновациялық бағытта атқарылған шаруаларды баяндап, халық қалаулыларына есеп берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы 18 қаңтардағы «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беру кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес өткен мәжілісте аймақтың тау-кен өндірісі дамуының көрсеткіші төмендеп кеткендігі айтылды.
Оған себеп – аталған өнеркәсіп өнімдеріне деген сұраныстың аздығы және бағаның құлдырауы.
Соның салдарынан Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорны биыл 62,4 млрд. теңгенің өнімін өндірген екен. Бұл былтырғы жылға қарағанда, 46 млрд. теңгеге кем.
– 2010-2013 жылдары «ССКӨБ» АҚ Қытай еліне 5 млн. тоннаға жуық өнімін экспорттаса, былтыр бірден бұл көрсеткіш 51%-ға қысқарған,- деді Н.Садуақасов өз сөзінде. Осы жылдың аяғына дейін рудныйлық кәсіпорын Қытайға 80 мың тонна өнімін жөнелткісі келеді. Бірақ қытайлықтардан бұл жүкке қатысты әлі растайтын құжат жоқ.
Өңірдегі тағы бір ірі екінші кәсіпорын – «Варваринсое» акционерлік қоғамы да алғашқысының кебін киіп отыр. Тек қана осы жарты жылдықта кәсіпорын 8,6 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Яғни, былтырғы кезбен салыстырғанда бұл да 51%-ға төмендеп кеткен. Сол сияқты Лисаковтық бөлімше «Өркен» ЖШС, жітіқаралық «Қостанай минералдары» АҚ өнеркәсіптерінің де жағдайы мәз емес.
Міне, есебін осындай төмен экономикалық көрсеткіштерден бастаған облыс басшысы кейбір дамуы әлі бәсеңсімеген кәсіпорындарды да тілге тиек етті. Әсіресе, ресейлік «Евраз» металлургиялық өндіріс орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан жергілікті «ЕвразКаспианСтальдың» жағдайы көңілге медеу боп тұр. Жарты жылдықтың есебі бойынша олар 164 мың тонна арматура шығарып, 4,6 есе көлемі артқан. Қазіргі таңда аталған өндіріс ошағы өнім өндіруден «ССКӨБ» АҚ-нан кейінгі өңірде екінші орынға шығып отыр. Автомобиль құрастыру жағынан да біздің автопром жақсы жетістікке жетуде.
«Нұрлы жол» бағдарламасының негізінде әлі де 8,5 көлік құрастыру жоспарда бар. Бүгінге дейін 3279 көлік құрастырылып, таратылған. Яғни, автопромның өніміне сұраныс арта түсуде.
Азық-түлік өнеркәсібін дамытуда ілгері басушылық бары сезіледі. Бұған дәлел – «Лидер 2010» ЖШС құны 1,3 млрд. теңгенің қаржы жобасын игеріп, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.
– Құрылысқа қажетті өнім өндіруде Таран ауданы Валерьяновка ауылындағы қиыршық тас шығаратын зауытты айта кетуге болады,- деді Н.Садуақасов. – Бұл жоба алдағы тамыз айында тұсауын кеспек. Мұрындық болған «Первомайский Щебзавод» ЖШС. Оған 485 млн. теңге жұмсалмақ.
Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, қыркүйек айында индустриалды-иновациялық бағытта «Арасан» Фирмасы» ЖШС алкоголсіз сусындар шығаруды қолға алмақ. Кәсіпорын жылына 56 млн. литр сусын өндіруді мойнына алып отыр. Бұған 2 млрд. теңге қаржы құйылмақ.
Енді ауылшаруашылық өндірісі кешенінің дамуына ойыссақ. Аймақтың экономикалық алға басуының бірден-бір қозғаушы күші болып саналатын бұл салада ауыз толтырып айтатындай қарқын бар. Диқандардың былтырғы мамыр айының екінші және үшінші декадасында молынан жауған жаңбырдың әсерінен егістік алқапқа кештеу шығып, ақыры алған өнімін қарашаның қара суығына дейін жинап үлгіре алмағанына қарамастан, биылғы жылы шығатын бидай, майлы дақылдардың түсіміне үлкен үміт артуға болатынын һәм «Сыбаға», «Құлан», «Алтын-асық», «Ырыс» бағдарламаларының жыл аяғына дейін жоспар бойынша орындалатынын жеткізді өңір басшысы.
– Бұл бағдарламалар агроөнеркәсіп кешенін индустриалды дамытуға үлкен серпін беруде. Жыл аяғына дейін әлі 40 жоба жүзеге асырылмақ. Соның 12-сін осы жартыжылдықта аяқтадық. Қалған 28 жоба жыл аяғында толық игеріледі,- деді өңір басшысы.
Мәжілісте тұрғын үй кешені құрылысының дамуы, жаңаруы туралы да сөз болды. Биылғы жылдың соңына дейін бірнеше жаңа үйлер салынып, тұрғындар баспанамен қамтамасыз етілетін көрінеді.
Халық қалаулыларының алдында есеп берген Нұралы Садуақасов өңір экономикасы дамуының осындай кем-кетік және жақсы жағынан ілгері басқан тұстарын әңгімелеп берді.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
… Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет.
…Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы