Жолдағы тәртіпті күшейту керек
Бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінің соңында облыс әкімі Н.Садуақасов өткен сенбіде қаламыздағы Маяковский көшесінің бойында мас жүргізушінің кесірінен қаза тапқан 13 жасар баланың отбасына қайғырып көңіл айтатындығын жеткізді.
Өкінішке қарай, ағымдағы жылдың алты айында өңірде 260 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 313 адам түрлі жарақат алып, 52 адам көз жұмған. Сондай-ақ, көлікті ішімдік ішіп тізгіндеген 1500 мас жүргізуші ұсталған. Тіпті, осы демалыс күндерінің өзінде осындай 40 жүргізуші мас күйінде ұсталған көрінеді. Ал, жол апатынан зардап шеккен 27 жаяу жүргіншінің 8-і қаза тапқан. Міне, осындай мәліметтерді тізбектеген облыс әкімі құқық қорғау саласының басшыларына жолдағы қауіпсіздік пен тәртіпті, әсіресе мас күйінде көлікке мінушілермен күресті күшейтуді қатаң тапсырды.
-Қазір жол-көлік оқиғаларының салдарынан қаншама адам түрлі жарақат алып, көз жұмуда. Өкініштісі сол, көп адам мас жүргізушілердің кесірінен бақилық болуда. Сенбі күні ғана сондай жүргізушінің кесірінен 13 жасар бала көз жұмды. Бұл сұмдық қой, айдың-күннің аманында бір отбасы ер жетіп келе жатқан баласынан айырылып қалды. Бәріміз де қаза тапқан баланың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Шынын айту керек, қазір адамдар жаяу жүргінші жолы тұрмақ, тратуардан өтуден қорқатын болды. Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс, сондықтан әкімшілік полицейлерге ішімдік ішіп көлік тізгіндегендермен күресті күшейтуді қатаң тапсырамын, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Қарлығаш ОСПАНОВА