Қарасу ауданында аукцион өтеді
Ағымдағы жылдың 12 тамызында «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС қазақы ақбас және әуликөл тұқымдас асыл тұқымды ІҚМ сату мақсатында кезекті «KARASU Farm-2015» аукционын өткізеді. «Казагромаркетинг» АҚ осы шараны қоса өткізетін болады. Аукцион барысында барлығы 60 бас асыл тұқымды ірі қара мал саудаға шығарылатын болады. Оның 20 басы – әулиекөл тұқымдас қашарлар, 10 басы –қазақы ақбас тұқымдас қашарлар, 30 басы – қазақы ақбас тұқымдас тайыншалар. Барлық асыл тұқымды тайыншалардың өнімділігін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері бағалаған. Саудаға шығарылатын асыл тұқымды тайыншалар еттерінің айрықша сапалығымен және жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Тәулігіне шамамен алғанда 900-1000 граммнан салмақ қосып отырғанда, 15 айлық тайыншалардың салмағы 450-480 келіге дейін жетеді. Саудаға шығарылған асыл тұқымды қашарлардың салмағы 12-13 айда 300 келіден 340 келіге дейін жетеді. Шаруашылықтағы мал асылдандыру жұмыстары жануарлардың етттерінің сапасын ұдайы жетілдіруге бағытталған. Бұл мақсатта шаруашылық таза текті асылдандырумен қатар, герефордтармен шағылыстыру әдістерін пайдаланады.
Сонымен қатар, өткізілетін аукцион барысында «Казагромаркетинг» АҚ IT мамандары «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» (АЖБ) Web-порталымен және Мал шаруашылығындағы ақпараттық-талдамалық жүйемен (АТЖ) жұмыс істеу бойынша семинар өткізеді. Аукцион бағдарламасында, сондай-ақ, шаруашылықта бірнеше жылдар бойы қолданылып келе жатқан биогаздық қондырғының жұмысын көрсету жоспарланған. Қондырғы жылына 16 мың тоннаға дейін мал шаруашылығы кешенінің табиғи қалдықтарын қайта өңдеп, 800 мың текше метр биогаз, 5 мың тоннадан артық сұйық және 8 мың тоннадан артық қатты тыңайтқыштар өндіруге, сонымен қатар, электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Аукционға қатысу сұрақтары бойынша келесі телефондарға хабарласуға болады: +7 777 490 6105, +7 (714-52) 26-4-94.
Жандос Жүсіпбек