Достық пен келісім тұрақтылықтың кепілі
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай маңызды жобалар жүзеге асуда.Солардың бірі облысымыздың аудан қалаларында бастау алған “Достық пен келісім картасы” мега – жобасының екінші кезеңі “Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 игі ісі”.
Осы мақсатта Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның іскер әйелдері Ассоциациясының мүшесі Александра Суслова, “Достық үйі” бұқаралық ақпараттарды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Қаламқас Сандыбаеваның қатысуымен жиын өтті.
Жиында сөз алған аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин “Қасиетті қазақ жерін татулықтың талбесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына кеңінен тоқталып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелеріне, мәртебелі меймандарға аудан халқы атынан облыстағы ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық пен бірлікті қалыптастырудағы атқарып жатқан көлемді жұмыстары үшін алғыс сезімімізді білдіріп, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Хасенұлы “Қазақты қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат. Бір ғана біздің өңірімізде 100 – ден астам ұлттың өкілдері тату – тәтті ғұмыр кешіп жатқандығын әрқашан зор мақтанышпен айта аламыз”,- деді.
Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдары академиясының құрметті мүшесі, этноаралық және конфессияаралық толеранттық мәселелер жөнінде семинар – тренингтердің жүргізушісі Александра Ильинична топырағы киелі, қастерлі қасиетіне құт дарыған Торғай даласына арнап жүрек – жарды жыр жолдарын тарту етіп, ел мерейін асқақтатып жіберді.
Жиын соңында аудан тұрғындары облыстың ұлттық – мәдени бірлестіктерінің өкілдері мен кәсіби және әуесқой өнер майталмандарының мерекелік концертін тамашалады.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ