ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Төл өнеріміз қазақ күресі жылдан-жылға жаңа қарқын алып келеді. Осы жылдың өзінде ұлттық спорт ойындарының бұқаралық сипатын арттыру мақсатында Қостанайда талай дүбірлі додалар ұйымдастырылды.
Қалалық мешітте ораза айт мейрамы қарсаңында қазақ күресінен намазхандардың арасында жарыс болып өтті. Оның өткізілуіне "Социум & Мен" қоғамдық ұйымы, облыстық әкімдіктің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңесі және облыстық "Марал ишан" мешіті мұрындық болды. Жетпіс келіге дейінгі және одан асқан салмақтар бойынша қатысқан палуандар облыстық, қалалық және Затобол мешіті мен Рудныйдағы мешіттен келді. Сайысқа "Қазақстан барысы-2015" турнирінің ширек финалына дейін жеткен палуан Ерлан Омаров, "Қостанай таңы" газетінің тұжырымы бойынша "Тобыл тарланы" атанған Сержан Теміржановтар қонақ ретінде келді.
Жарыс нәтижесінде жетпіс келіге дейінгі салмақта жүлделі үшінші орынды Бекболат Байназаров алса, осы салмақтың бас жүлдесі Марат Сымбаевтың қоржынында кетті. Қалалық мешіттен қатысқан Марат Сымбаевтың жасы елуді алқымдаса да өзінің жылдам екенін байқатты. Келесі салмақтың қоласын Дәулетхан Қосмағанбетов қанжығасына байлады. Ақтық белдесуде Жәнібек Мұхамеджанов тәжірибелі Берік Қаласовтан айласын асырды.
– Осы жарысты өткізудегі мақсатымыз жастар арасындағы патриоттықты дамыту мен конфессияаралық келісімді нығайту болған еді. Осы бағытта қазақша күрес өткізуді бұрыннан жоспарлаған едік. Ол ораза айт мейрамына қарсы түсіп отыр екен. Бүгінгі намазхан жігіттердің өнеріне көпшілік риза болды деп ойлаймын. Кейбірінің жасы үлкен палуандарға мәрттік танытып, жол бергендері де жарасымды. Аталмыш бәсеке жыл сайын өткізіліп тұрса дейміз, – деді қалалық мешіттің Бас имамы Шоқан Әмірханов.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ