Автобус жүргізушісі жауапқа тартылмақ
Қостанай қаласында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 51 қылмыс ашылды. Қостанай қаласы ІІБ жедел басқару орталығының қызметкерлері көше бойындағы гүл егілген клумбаны соғып, қиратқан автобус жүргізушісін анықтады.
Оқиға кеше таңертең орын алды. «22» бағыттағы автобус Жауынгер интернационалистер көшесімен келе жатып Жастар көшесіне бұрыла бергенде гүл егілген клумбаны соғып кеткен. Мұны бейнебақылау арқылы байқап қалған жедел басқару орталығының қызметкері жол-патруль полициясына хабарлайды. Оқиға болған жерге лезде жеткен тәртіп сақшылары бірнеше минуттан соң оқиғаға себепкер болған 48 жастағы қоғамдық көлік жүргізушісін анықтайды. Енді ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 188 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Онда бөгденің мүлкін абайсызда бүлдіргені немесе жойғаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе екі жыл мерзімге дейін түзеу жұмыстары болмаса үш жылға дейін бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.
Мінаура Қабдырахметова