Асхат Ескендіров: Жүйенің жемісі – сапалы кадр
Соңғы 3 жылда облыста мемлекеттік аппараттағы кадрлық құрам тұрақты. Мемлекеттік қызмет жүйесінен кадрлардың кету көрсеткіші: 2018 жылы – 3,1 %, 2019 жылы – 2,6 %, 2020 жылы – 3%. Мамандардың айтуынша, бұл қалыпты көрсеткіш, тек 6% асқанда дабыл қағуға болады.
Қазақстанда мемлекеттік қызметті жетілдіру жұмысы белсенді жүріп жатыр. Салада қандай өзгерістер бар? Меритократия қағидатын сақтау, кадрларды іріктеу және тұрақтандыру көрсеткіштері қандай? Осы және өзге де сауалдарымызға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Асхат Ескендіров жауап берді.
– Асхат Батыржанұлы, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында 2021 жылы шенеуніктердің санын 25% қысқарту міндетін қойған еді. Осы үрдіс басталды ма?
– Облыста 662 мемлекеттік орган бар, олардағы штат саны – 6210. Алайда, нақ-ты жұмыс істеп отырғаны – 5588 адам, 10,2% немесе 622 орын бос. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қысқарту жұмыстары 1 шілдеде басталады.
Орталық басқарушы мекемелерді қоспай, тек жергілікті атқарушы органдарды алып қарасақ, олардағы штат – 3749 бірлік болғанымен, 3260 адам жұмыс істеп отыр. Яғни, бос орындар саны – 479. Осы 400-ден астам бірлік қысқарады. Былайша айтқанда, біздің өңірде мемлекеттік қызметшілердің 25%-ы дегеніміз – 600-ден астам адам. Бұл оңтайландыруға кешенді дайындық керек.
– Мемлекеттік қызметті жетілдіру, ең алдымен, кадр сапасын көтеруге, біліктілігін арттыруға байланысты. Осы орайда, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы туралы айта кетсеңіз. Оған түсу үшін не істеу керек және оның артықшылығы неде?
– Мемлекеттік қызметшілерді оқыту олардың алға жылжуы мен тиімділігін бағалауда маңызды болып саналады.
Тобыл-Торғай өңірінде Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген жиырмадан астам адам бар. Оның ішінде өзім де бармын. Біз арнайы қауымдастық құрған едік. Аудандар мен қалаларды аралап, мемлекеттік қызметшілерді осы академияға түсуге шақырамыз. Оқу орнының көптеген артықшылығы бар. Біріншіден, онда оқыған бір-екі жылың еңбек өтіліңе қоса есептеледі. Екін-шіден, жұмыста қанша айлық алдың, оны да сол көлемде стипендия ретінде алып отырасың. Үшіншіден, тәжірибе алу үшін басқа елге баруға мүмкіндік мол. Бір-екі аптада АҚШ, Франция, Финляндия, Норвегия сияқты мемлекеттік қызмет жүйесі дамыған елдерден көп нәрсе үйреніп келуге болады.
Академия Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Жатақханасы, оқуы тегін екенін де ескеру керек. Әйтпесе, бізде магистратураны оқу бағасы 1 млн теңгеге жуықтайды ғой.
Оқу орнына түсуі үшін ниет пен білім керек. Ағылшын тілі, жоғары экономика, саясаттану сияқты басқа да пәндерден сынақ тапсырасыз.
Біздің департамент бір жылға жоспар құрып, соған сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Департамент жанында мемлекеттік басқару академиясының филиалы жұмыс істейді. Онда қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, мамандандыруға мән беріледі. 2020 жылы облыста 2037 мемлекеттік қызметші оқытылып, жылдық жоспар 112% орындалды.
– Қазір мемлекеттік қызметке жастар сирек барады деген сөз қаншалықты рас? Қолыңыздағы статистика не дейді? Мамандарды қалай талаптандырып жатырсыздар?
– Қостанай аймағында атқарушы, бас-қарушы органдарда мамандардың орташа жасы 39,5 болып тұр. Ал, мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі – 10,8 жыл, атқаратын лауазымында тұрақтауы – 4,8 жыл.
Үш жыл бұрын өңірде мемлекеттік қызметтегі жастар саны 24% болса, қазір 21% түскен немесе 1175 адам. Бұған негізгі себептің бірі – жалақы, сондай-ақ, баспана мен әлеуметтік пакет. Мәселенің негізгі ошағы – ауылдар.
2020 жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, "Дипломмен ауылға" бағдарламасына мемлекеттік қызметшілер де қатыса алатын болды. Елді мекендерге жұмыс істеуге барған мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау беріледі.
Біздің өңірде төрт адам аталған бағдарлама арқылы Науырзым, Қарабалық, Алтынсарин және Бейімбет Майлин аудандарына жұмыс істеуге барды. Оларға жағдай жасау мәселесін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп қарастырып жатырмыз.
Осы жобаның арқасында ауылдың имиджі артып, елді мекендердің кадрлық әлеуетін қалыптастыру мәселелері шешілуде. Ең бастысы, мамандар өздерін ауылдық жерлерді дамытуға пайда әкеліп, белгілі бір салада бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Жалақыны көтеру туралы айтсақ. Биыл 1 шілдеден бастап факторлы-балдық жүйе енгізіледі. Бұған дейін жалақы еңбек өтіліне қарап есептелсе, енді жаңа жүйеде екі бағыт негізге алынады: жұмыс нәтижесі және қызметтегі салмағы. Мысалы, есепші, іс-қағаз жүргізуші болса, олардың функциясы көмекші ретінде қарастырылады. Ал мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысса, олардың жұмысы негізгі функция болғандықтан, А корпусына жатқызылады да, сәйкесінше көбірек айлық есептеледі.
Қараңызшы, қазір білім басқармасының басшысы 200 мың теңге айлық алады, қатардағы мұғалімдердің орташа жалақысы – 250 мың теңге. Енді жауапкершілігін салыстырып көріңізші. Басқарма басшысы мыңдаған оқушы мен мұға-лімдер үшін жауап береді. Бірдеңе бола қалса, бәрін содан сұрайды. Өзім ұстаздардың алдын кесіп өткен адам емеспін, әлі күнге құрметім ерекше. Мұғалімдер әділетсіз айлық алып отыр деуден аулақпын, айтпағым – еңбекақының жауапкершілікке қарай есептелуі. Сол секілді денсаулық сақтау басқармасының басшысының да айлығы – 200 мың теңге, дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен – 250-300 мың теңге. Бұл жерде ақ халатты абзал жандардың жұмысы оңай деп отырған жоқпын, бірақ басқарма басшысының жауапкершілігі орасан екенін ескеру қажет. Қызметтің салмағы деп отырғанымыз осы. 1 шілдеде енгізілетін факторлы-балдық жүйе мәселені бірыңғайлайды деген үміттеміз. Жүйеде қызметкердің жұмыс сапасы мен нәтижесі басты ұстаным болары анық.
Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік қызметшінің тек мамандығын айтатын. Мысалы, экономика саласында жұмыс істесе, "экономист" немесе "қаржыгер" деп таныстыратын, білім басқармасындағылар "мұғалімбіз" дейтін. Қазір бәрі өздерін "мемлекеттік қызметшіміз" деп атайды. Яғни, сана-сезім өзгерді деген сөз. Елбасы Н.Назарбаевтың "100 нақты қадам" ұлт жоспары мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеруге үлкен септігін тигізді.
Мемлекеттік қызмет жүйе ретінде де жақсы дамып келеді. Мәселен, тестілеу әдісінің жаңаруын алайық. Бес жыл бұрын өтініш қағаз түрінде қабылданатын. Қазір процестер автоматтандырылған. Өтініш eGov порталы арқылы жасалады. Тест тапсырған соң, сертификат электронды форматта беріледі. Одан бөлек, iqyzmet жобасы іске қосылмақ. Қазір ол сынақ түрінде іске қосылған. Телефонға жүктелетін қосымша. Мұнда мемлекеттік қызметке тұрудың барлық қадамдары автоматтандырылған.
2020 жылы оңтүстіктегі аудандар үшін Арқалықта тестілеу залын аштық. Онда тест тапсыруға біздің өңірден ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарының тұрғындары да барып жүр.
– Қазіргі тағы бір мәселе – меритократия қағидаты қалай сақталып отыр?
– Бұл жағынан біздің нәтижеміз көңілге қонымды. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің шамамен 78%-ы, яғни 255 адам меритократия жүйесі бойынша тағайындалған. Түсінікті тілмен айтқанда, олар жұмыста өздерін дәлелдеп, қызмет баспалдағымен өскен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Біз мұнымен тоқтап қалмай, "Мансап картасы" жобасын әзірледік. Оған былтыр жазылған 820 адамның 70-ін біздің департамент жоғары қызметтерге ұсынды. Мекеме басшылығы біз ұсынған қызметкердің лауазымға лайық не лайықсыз екенін өздері шешеді. Биыл "Мансап картасына" 360 адам үміткер болып отыр.
Мемлекеттік қызметке жаңа біліктілік талаптары енгізілгенін де айта кетейік. Әсіресе, саяси жұмыстарға тікелей араласатын қала, аудан әкімдеріне, облыс әкімдерінің орынбасарларына басқаша талаптар қойылады. Мысалы, мемлекеттік қызметтің қазанында кемінде бес жыл пісіп жетілмеген маман аудан әкімі бола алмайды.
– Мемлекеттік қызметте қай салада мамандар жетіспей жатыр?
– Құрылыс, сәулет, жер кадастры, агроном, ветеринар, инженер мамандары қажет. Бір орынға 0,7 адамнан, яғни, бір адам жұ-мысқа алу үшін, кем дегенде, конкурсты үш-төрт мәрте өткізу керек. Менің ойымша, осы салаға мемлекет тарапынан берілетін квота мәселені бірыңғайлауы тиіс.
– Рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.