Анасы балаларынан алимент талап етті
54 жастағы әйел үш баласына қарсы арыз жазып, қалалық сотқа шағымданды. Әр перзентінің 19800 теңгеден алимент төлегенін қалайды. Жалғыз басты ана сот алдында өзінің жұмыс істеуге мүмкіндігінің жоқтығын, ешқай жер қабылдамайтынын, балаларының қамқорлығына мұқтаж екенін айтты. Шағымданушының 34 жастағы екі ұлы, 30 жасар бір қызы бар екен.
Ал, керісінше, балалары анасына қолғанат көрсетуге қарсы. Оған себеп бар көрінеді. Үшеуі де ес жия салысымен еңбекке араласыпты: қыз 16 жасында, екі үл 12 жасынан қос қолға бір күрек ұстапты. Коммуналдық қызметке өздері төлеп келген. Ажырасудан кейін әкелері бұларға көмектеспеген, алимент төлемеген. Аналарының да балалармен аса шаруасы болмапты, перзенттерін бағып-қағуға тырысып көрмеген. Жұмыссыз отыра берген. Балалары нан табудың қамымен көлік жуғыштар, жанармай бекеттерінде, кафелерде жұмыс істепті. Кәмелеттік жасқа жеткенде қызын анасы үйден қуып жіберген. Ізінше ұлдары да өз еркітерімен үйден кетеді. Бүгіндері әрқайсысының өз өмірі, отбасы, қызметі бар. Лайықты тәлім-тәрбие беріп, қамқорлық көрсетіп, алақан жылуын сездіре алмаған аналарына ұл-қыздары қарыздар емес екенін айтып отыр.
Заң бойынша, жұмысқа қабілетсіздер қатарына зейнеткерлік жасқа жеткен және мүгедек деп танылған азаматтар енеді. Ал, шағым беруші әлі зейнет жасына жетпеген, жарымжан екенін көрсететін анықтама қағаздары да сотқа көрсетілмеген. Оның үстіне, пәтернің бөлмесін жалға беріп қойған.
Сот талқылауы қорытындысында ананың балаларынан алимент өндіріп алмақшы болған тілегі қабыл етілмеді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Жандос Жүсіпбек