Сырғаның «жыры» таусылар емес
Құлағында сырғасы жоқ малға мамандар сәйкестендіру нөмірлерін бере алмай отыр. Бұл жануарларды тіркеуге бөгет жасап, мемлекеттік бағдарламалар бойынша субсидия алуға кедергі келтіруде.
Әулиекөл ауданындағы ірі қараның 25 % астамы асылтұқымды. «Москалев» ЖШС директоры Зейнолла Жанбыршыновтың айтуынша, оның шаруашылығындағы қара малдың көбінде сырға жоқ. Сапасыз материалдан жасалған сырға жоғалып кетеді не болмаса нөмірі өшіліріп қалады.
-Нөмірі жоғалып кетсе, оны өздігіңнен қалай қалпына келтіру мүмкін емес. Бізге сырға жоқ дейді. Сырғаларды беру функциялары үнемі бір ведомстводан екінші ведомствоға көшіп жүреді. Кім берсе де, біз үшін айырмашылық жоқ. Бірақ, іс шешімін тапса болғаны. Малдың сырғасы болмаса, ол есепке алынбайды. Соның салдарынан біз асылтұқымды малға субсидия ала алмай отырмыз, – дейді Зейнолла Жанбыршынов.
Биылдан бастап, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, сырғаларды сатып алу бір орталықтан жүзеге асырылатын болған. Алайда, оның әлі күнге дейін өңірлерге не себепті әкелмегенін ешкім түсіндіре бере алмай отыр.
Малға қатысты ақпараттық мәліметтердің сәйкес келмеуі де қиындық туғызып тұр. Субсидия алу үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілері асылтұқымды жануарлардың барын растауы керек. Яғни, сәйкестендіру жүйесіндегі деректер (ЖСЖ) ақпараттық-сараптамалық жүйенің (ААЖ) базасына сәйкес келуі тиіс. Бұрын осындай анықтаманы ауылдық әкімдік беретін. Өткен жылдан бастап процесс толық автоматтандырылып, ЖСЖ интернет-портал нысанына ауыстырылды.
-Бір жағынан бұл өте тиімді. Бюрократиялық кедергілер азайды. Дегенмен, ЖСЖ және ААЖ деректерінің әлі де болса бір-біріне сәйкес келмеуі аяқты тұсап отыр. Мәселен, қара малдың нөмірі ААЖ базасы бойынша бір шаруашылықта тіркелсе, ЖСЖ базасы бойынша ол басқа шаруашылықта есепте болып шығады. Мұндайда кәсіпкерлер мемлекеттің көмегінен қағылады, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы Әулиекөл аудандық филиалдың директоры Дәулет Қойшыбаев.
Осыған ұқсас проблемалар облыстың басқа аудандарында да бар. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне хабарлады. Қостанайлық фермерлер түйінді мәселелер таяу арада шешіледі деп үміттенеді.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
.