«Көкнәр – 2015» операциясы шеңберінде 35 есірткі қылмысы анықталды
Маусым айында республика бойынша «Көкнәр – 2015» жедел алдын алу операциясы басталған еді. Тәртіп сақшылары өткен айдың қорытындысын жасады.
Бір айда полиция қызметкерлері есірткі затын таратудың 20 дерегін анықтаған. Соның бірі Қостанай қаласында. Облыс орталығының Гвардейская көшесінің 32 жасар тұрғыны пәтерінде улы зат сақтаған. Қызметтік иттің көмегімен тінту жүргізу кезінде 17 полиэтилен орамадағы, салмағы шамамен 2,5 грамм болатын «героин» табылды. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Рудный қаласында да тағы бір есірткі саудалаушы құрықталды. 40 жасар қылмыскерді ұстау үшін кеншілер қаласы көшелерінің бірінде арнайы операция жүзеге асты. Құрықталғанды жеке тексеруге алған кезде, оның шалбарының қалтасынан 2 орама табылды. Жалпы салмағы шамамен 1,3 грамм болатын «героин» есірткі заты тәркіленді. Күдікті қамауға алынды.
Махаббат Бекбай