Полицейлер көмекке келді
ОІІД бастығы полицияның генерал-майоры Тілеген Мәткеновке зейнеткер Шамиль Сафиулиннің атынан алғыс хат түсті. Ол хатында өзін құтқарған полицейлерге ризашылығын білдірген.
25 қаңтар күні ауа-райы күрт суып, қаладан шығатын жолдар жабылған болатын. Сол күні Шамиль Сафиулин әйелінің "күн суықта жолға шықпа" дегеніне қарамай ауданға кеткен еді. Жолда бензонасос сынып, көлігі тұрып қалды. Ұялы телефонмен де хабарласа алмады. "Сақылдаған сары аязда машинаның іші де мұздай болып суып кетті. Мен далада қалдым-ау деп ойлап едім, жігіттер көмекке келді. Оларға көп рахмет!" – дейді Ш.Сафиулин.
Бұл аязды күні ОІІД жол-патруль полициясы батальонының қызметкерлері кезекшілікке шыққан еді. Қостанай-Әулиекөл жолында старшина Нұрбай Әбілев пен аға сержант Дәмір Нұрахметов жолда тұрған ескі "ГАЗ" машинасын байқап қалды. Көліктің жүргізушісі қатты тоңып қалған екен. Полицейлер машинаны Новонежин селосына сүйреп әкеліп, зейнеткерге көмек көрсетіп, көлігін жөндеп берді.
СУРЕТТЕ: Д.Нұрахметов, Ш.Сафиулин және Н. Әбілев.