Қандықолға кешірім жоқ
Қостанай облыстық сотында Д.Лесниковтың шағымы бойынша кассациялық сот алқасының отырысы өтті. Тұтқындағы Лесников жазасын жеңілдетуді арыз етіп, өмір бойғы бас бостаныдығынан айыру үкімін нақтылы бір мерзіммен алмастырса деген өтініш берген.
Жазасын өтеуші шағымында анасының онкологиялық ауруға шалдыққанын, отбасының материалдық жағдайының ауыр екенін алға тартқан. Сондықтан талан-тараждағы мүліктерін қайтарып, пәтерін аресттен босатуын өтінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Лесников аса ауыр қылмыс жасады деп танылып, мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен, мәңгілікке бас бостандығынан айырылған-ды. Онымен қоса, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленді.
Қылмыстық іс материалы бойынша, ол бес ұрлық жасап, екі рет кәмелетке толмаған жанды зорлап, ұрлап, 4 адам өлтірген. Аса үлкен дүрбелең тудырған қылмысы өрімдей ғана 1-сынып оқушысы Виктория Ганиды ұрлап әкетуі және өлтіруі болып ел жадында қалған болатын. Қандықол қылмыскерге кесілген жазаны жапа шегуші тарап лайықты деп таныған еді.
Жазасын өтеушінің өтініші қабыл етілмеді. Кассациялық сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Жандос Жүсіпбек