Жеңіске бергісіз тең ойын
Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Астананы» қабылдады. Ойынның 11 минутында ойын тәртібі бұзылып, сол жерден Игорь Бугаев айып добын тепті. Елордалық команданың қақпасына жасалған соққы жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Есеп 1:0! Алайда, арада бес минут өткенде таблодағы есеп өзгерді. Бұл жолы қонақтардың шабуылшысы Фокси Кетевоама қарымта гол соғып, өз әріптестерін жеңілістен сақтап қалды. Айтпақшы, тоқсан минут түгесіліп, бас төреші қосқан қосымша үш минутта «Тобыл» қақпасына қайта қауіп төнген болатын. Бірақ, Патрик Твумасидің 11 метрлік айып добын Александр Петухов қағып жіберді. Қорытынды есеп 1:1! Сөйтіп, А.Петухов шын мәнінде өз командасының құтқарушысы болып қалды. Енді жерлестеріміз 18 шілде күні Қызылордаға қонаққа барады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ