ҚОСТАНАЙДА ӨНІМНІҢ ЖАҢА ТҮРІ ПАЙДА БОЛАДЫ
Облыстағы «Арасан» Фирмасы» ЖШС жақында жаңа зауытты іске қосады. Зауыт судан бөлек, шырын құрамдас сусындарды қосқанда зауытта өнімнің 28 түрі шығарылатын болады. Басты артықшылығы – құрамында табиғи йоды бар ауыз су шығаратын Қазақстандағы бірегей өндіріс орны болатындығы.
Бұл зауыттың негізгі жұмыстарын неміс мамандары басқарып жатыр екен. Олардың саны – алтау. Сондай-ақ, итальяндық, литвалық мамандар да қызмет етеді. Олар өндіріс цехы қызметі барысын қадағалап, біздің жас мамандарға жұмыс жолын көрсетуде. Қостанайдағы осы жобаның жетекшісі – «Арасан» Фирмасы» ЖШС Алексей Ефремов. Оның айтуынша, цехтағы жұмыстың барлығы автоматтандырылған, желінің іске қосылуы компьютердің көмегімен жүргізіледі. Мұнда әр қызметкер тек өзінің жұмыс аймағына жауап береді. Мысалы, Зәуре Мусина – технолог.
– Мен цех жұмысының басталуын қадағалаймын. Сүзгіден өткен суды құрылғыларға жіберу, лабораторияға құйылған судың таза болуы да менің міндетім. Біз күнде 200-ге жуық сусын қалбырларын шығарамыз. Біздің зауытта заманауи неміс құрылғылары орнатылған. Солардың арқасында жұмысымыз жеделдеп жатыр, – дейді Зәуре Мусина.
Айта кету керек йодты сусынның өзі екі түрлі өндірілмек. Пайдалы элементтердің тәуліктік межесі сіңдірілген бір жарым литрлігі – ересектер үшін және ықшам ғана құтышалар балаларға арналады.. Йод Чехия мемлекетінен келеді деп жоспарлануда.
Жерасты қайнары арқылы алынатын ағзаға пайдалы суды өндіру, саудаға шығару аталған мемлекетте жақсы жолға қойылған. Келешекте екі ел зауыты серіктес, әріптес болмақ.
Зауыт басшылығы жаңа өнімдер жаздың аяғына қарай шығады дейді. «Арасан»Фирмасы»-ның бұл жаңа өнімі ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдерде де саудаланады деп көзделуде. Жалпы, соңғы жылдары көршілес нарықтар тарапынан аталмыш компанияға деген сұраныстар артып отыр. Сондықтан, жаңа өндіріс нысанында да басты екпін өнімнің сапасына қойылатын болады.
Қасқырбай Қойшыманов