Облыстық сотта брифинг өтті

Журналистермен кездесу барысында облыстық сот төрағасы Ғ.Мырзаке ең алдымен “Ұлт жоспары -100 нақты қадам” реформасын жүзеге асыру негізінде Жоғарғы Сотпен жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформасы жайында айтты. Соның ішінде, сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, сот төрелігі институтының мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау туралы да кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, облыстық сот төрағасы барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу, алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту, сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, инвестициялық даулар бойынша жеке сот өндірісін құру, Астана қаласында AIFC халықаралық арбитраждық орталығын құру, Жоғарғы Сот жанынан халықаралық кеңес құру, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту турасындағы бастамаларға да тоқталды. 
Төраға және апелляциялық сот алқаларының төрағалары Қостанай облысы соттарымен ағымдағы жылдың 6 айындағы сот төрелігін жүзеге асыру бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталды. Есепті мерзім ішінде облыс соттарына 1693 қылмыстық іс түсіп, оның 1643 өндіріспен аяқталған. Үш қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралған. 2015 жылы 19 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылған. Азаматтық істер бойынша 24 108 талап арыз түсіп, 23 617 іс өндіріспен аяқталған. Әкімшілік істер бойынша – 12301 материал түсіп, 12196 қаралған.DSC_0240
Сот жүйесінде ақпараттық технологияларды етене қолдану жайына тоқталар болсақ, “Сот кабинеті” сервисі арқылы облыс соттарына 9294 электронды құжат түскен, бейне және таспаға жазу арқылы 10242 іс қаралған, электронды сот құжат айналымын қолдану арқылы өзге мемлекеттік органдардан 15334 құжат түскен, облыс соттарымен 19875 шығыс хаттары жолданған. СМС- хабарламалар саны – 92660 құрады.  Сондай-ақ, сот қауымдастығы өкілдері  журналистерге сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерде айыппұл тағайындау практикасын, бас бостандығынан айырудан жазаның бұл түрін қолданудың тиімділігін түсіндірді. 
Кездесу соңында өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері соттарға белсенді іскерлік қатынастары және уақытылы ақпарат беретіндіктері үшін алғыстарын білдірді.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓