Балдырғандардың құқығы қорғалды
Науырзым ауданының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, тексеріс барысында, шикіліктер байқалды. Нақтысын айтқанда, тәрбиеленушілерді тамақтандыруда ереже-талаптар сақталмаған.
Ауданға қарасты Буревестник «Нұрбөбек» балабақшасында санитарлық-эпидемиологиялық қағидаларға қайшы келетін ережебұзушылықтар тіркелді. Ауқаттандыру рационында сиыр еті, ірімшік, көкөністер, салаттар, жемістер, балық, қышқыл сүт өнімдері мүлде болмаған. Үшінші ретпен ұсынылатын ас-сумен «С» витаминдендіру міндеті қолға алынып көрмепті. Мәзірге түстен кейінгі ауқат енгізілмеген. Ал, сол мәзір тізімін табиғи емес азық-түліктер атауы «толтырыпты».
Мұндай балдырғандар мүддесіне деген марғау қатынастар мен ережебұзушылықтар осы ауданның тағы 5 балабақшасында әшкере болды.
Беті ашылған беймаралдыққа қарсы прокуратура шара қолданып, 18 жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұның алтауы – бөбекжайлардың жетекшілері. Тәртіпке қайшы жайттардың тезге салынуы арқылы 208 тәрбиеленушінің конституциялық құқықтары қорғалды.
Жандос Жүсіпбек