Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресу елімізде ең өзекті мәселенің бірі деп айтуға болады. Қоғамда оның түбегейлі шешімі табылмай тұр. Осы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күресті нығайту мақсатында республикамызда бірқатар заңнамалық құжаттар мен стратегия қабылданғаны белгілі. Міне, осы өзекті мәселелер туралы ҚР Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.Шпекбаев облысымызда мамыр айының соңғы аптасында болған іс-сапары барысында жан-жақты айтқан-ды. Сонымен…
Бұл –жасыруға келмейтін ауру
Елімізде қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек» деп анық жазылған. Сондықтан сыбайластықпен күресу, оның алдын алу, жол бермеу, себептері мен сыбайластық тәуекелділікті көрсету, анықтау тек қана тиісті органдар қызметінің құзырында ғана емес, баршамыздың міндетіміз. Міне, сондықтан да ҚР-ның Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.Шпекбаев облысымызға келген іс-сапарының алғашқы күнінде өңірдегі жоғары оқу орындарының ректоратымен, профессор-оқытушылармен, студент жастармен кездесуі де тегін емес-ті. Жастар өмірдің қозғаушы күші емес пе? Агенттік төрағасының орынбасары А. Шпекбаев сыбайластық жемқорлық туралы жастармен әңгімелесіп, өз ойын ортаға салды.
Агенттік төрағасының орынбасары А. Шпекбаев елімізде алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама дайындалғаны жөнінде жастарға хабардар етті. Баяндаманың негізгі мақсаты – елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының қорытындыларын объективті талдау және жемқорлықты жоюдың тәжірибелік шараларын жасақтау болып табылады.
Тәуелсіздік алғаннан бері, Елбасымыздың көрегендік саясатының нәтижесінде Қазақстан жүйелі және мақсатты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асырып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында құбылыс ретінде саналатын жемқорлықты жоюды – әлемнің бәсекеге ең қабілетті 30 елдерінің қатарына кіруі бойынша басты басымдықтарының бірі екенін айқындады. Агенттік төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтың айтуынша, сыбайластыққа қарсы іс-қимылдың негізгі көздері елімізде қабылданған заңнамалар мен стратегияда, Елбасының «100 нақты қадамында» көрініс тапты. Сол секілді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, жемқорлық тәуекелдеріне талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру секілді жұмыстардың қорытындысы осы ұлттық баяндамада нақты айтылып отыр. Ұсынылып отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық баяндама, 2016 жылдың қорытындысының бірінші жоғары деңгейдегі есептік құжат болып табылатындығын атап өтті.
Қызмет алғыспен өлшенуге тиіс
ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында «қоғамдық өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін қозғайтын шешімдерді қабылдаған кездегі ашықтықтың жеткіліксіз болуы, мемлекеттік аппараттың қызметінде тиісті азаматтық бақылаудың және қоғамдық пікірді ескерудің болмауы артық төрешілдікке, әкімшілік кедергілер мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға алып келеді. Бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды қалыптастырады» деп айтылған-ды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде негіз қалаушы буын- сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді айқындау және барынша азайту болып табылады. Әрине, жіберілген кемшіліктер де жоқ емес, оны жоққа шығармаймыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, өзінің іс-сапар барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаев кезекті өткен облыстағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысына қатысты.
Кеңес барысында Қостанай облысында 2016 жылы жергілікті атқарушы органдардың 20 лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы, немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылғандардың жалпы санынан 39% екені атап өтілді. Бұл ретте, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2017 жылғы 1-ші тоқсанында жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны екі есеге дейінгі өскені байқалады, яғни 3-тен 6-ға дейін. Тұтастай алғанда, Қостанай облысында сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салалар ТКШ, ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі, мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау органдары жатады екен.
Қызметшілердің пара алғаны, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлікті ысырап еткені немесе алғаны, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, қызметтік жалғандық жасау үшін тартылғаны туралы да айтылды. Сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтары арасында бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды басқарушылық функцияларына ие лауазымға қабылдауға тыйым салу талаптарды бұзу байқалды.
Осы отырыста Қостанай қаласының әкімі Б.Жақыпов қаладағы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалар бұзушылықтарының алдын алу бойынша жұмыс қорытындысы туралы есеп берді. Сонымен, ішінара тексеру барысында әкім аппаратында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың көптеген бұзушылықтары анықталды. Мысалы, кейбір мемлекеттік қызметшілермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылданбаған, тәртіптік жазаларға тарту барысында Тәртіптік жазаларды қолдану туралы ереже сақталмайды.
Осымен қоса, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін жыл сайынғы бағалауын жүргізуде, бос мемлекеттік лауазымдарға конкурс өткізген уақытта да бұзушылықтар анықталды.Қала бойынша 4 лауазымды тұлға қылмыстық және 11 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын ерекше атап өткен жөн.
Бұл ретте, бір ғана мемлекеттік қызметші, яғни Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары С. Досумов 9 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Отырыста Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаев тарапынан біршама ескертулер мен сындар айтылды, сыбайластық тәуекелділіктің себептерін айқындауға мән беру қажеттігі айтылды.
Әдеп отырысында заңды тұлғаның субсидиялауға өтінімді жіберудегі тәртібінің бұзуылуына жол берген Қарабалық ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Бейсембаевтың және аралас тауарлар дүкенін салу үшін жер учаскесін беруде жеке тұлғаның құқығын іске асыруға ашық кедергі жасаған Қостанай ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қ.Байжановтың тәртіптік істері қаралды. Қарау нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі Кеңеспен Қостанай және Қарабалық аудандарының әкімдеріне К.Байжановты лауазымынан төмендету және А. Бейсембаевке сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныстар енгізілді.
Қоғамды сыбайластықтан қорғау қажет
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облысымызда жергілікті атқарушы органдармен кәсіпкерлік қызметті дамыту және жер қатынастары салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.
Кеңестің мақсаты көрсетілген салаларда қоғамдық мониторингтің және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың нәтижелерін қарастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шараларды талқылау. Аталған іс-шараға Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің және бизнес қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында аталған салаларды жетілдіру мәселелері талқыланды, сондай-ақ қоғамдық мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері қаралды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің деректері бойынша 2016 жылы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру фактілері бойынша 5 қылмыс және 24 құқық бұзушылық тіркелді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтің айтуынша, кәсіпкерлерден түскен шағымдардың көпшілігі жер қатынастары саласындағы сұрақтармен байланысты. Бұл факт 2016 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындыларымен арақатынастықты көрсетеді, оның нәтижелері бойынша аталған сала жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім қызметтердің арасында алтыншы орында.
Жер қатынастары саласында тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың өсуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Мәселен, 2016 жылы олардың жалпы саны 225 істі құрады, ал 2017 жылдың тек бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша 108 факт тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 1,5 есеге өскенін растайды.
Экономиканың дамуы және жердің шаруашылық айналымы ауқымын кеңейтуі жағдайында көтерілген мәселелердің өзектілігін ескере отырып, Агенттік «Атамекен» ҰКП бірлесіп жер қатынастары саласында талдау жүргізді, оның қорытындысы бойынша бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдер анықталды. Кеңеске қатысушылар жер заңнамасындағы коллизияларды пайдалану жолымен жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін кезектен тыс алу фактілерін атап өтті.
Сонымен қатар, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдердің бірі ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезіндегі үлкен кезектің туындауына байланысты. Бұған себеп кезекте тұрғандарды саралаудың болмауы, бұл іс жүзінде жер учаскесін алуға мұқтаж емес тұлғалармен өтініштерді ретсіз беруге әкеп соғады. Жер учаскелеріне сұраныстың жоғарылауымен қатар жер қатынастарының қылмыстануының жоғары тәуекелі атап өтілді, бұл Ақмола облысының жер қатынастары саласындағы қызметкерлермен жер учаскелерін заңды айналып сату бойынша қылмыстық топтың ұйымдастыруына себеп болды. Кеңестің қорытындысы бойынша Агенттікпен көрсетілген салалардағы бизнесті дамытуға кедергі болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді және әкімшілік кедергілерді жою бойынша 31 ұсынымдар әзірленді.
«Басты мәселе, бұрын жүргізілген талдаулардағыдай, ұлттық заңнаманың жетілмегендігі болып қалады» – деді Агенттік Төрағасының орынбасары А.Шпекбаев.
Сонымен, заңнамалық және заңға тәуелді актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша енгізілген ұсынымдардың үлесі 71%, ал, ұйымдастыру-басқару қызметттегі үлесі- 29%.
Гүлназым САҒИТОВА.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.