Жол қауіпсіздігін ойлайық!
Жол жүру ережесін сақтау – өз қауіпсіздігіңді ойлау. Көлік қаптаған осынау заманда балалар тұрмақ ересектердің өзі жол жүру ережелерін сақтамай, оның соңы қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Рудный қаласында өткен жылдың бірінші жартысында 3 адам қаза тапса, биыл осындай апат салдарынан 4 адам көз жұмып отыр.
Маусымның соңы рудныйлық тәртіп сақшылары үшін қайғылы оқиғамен есте қалды. Түнгі уақытты сынаптай сырғыған Ваз және Мерседес автокөліктері қаланың басты көшесінде соқтығысты. Ол ол ма? Он минуттан соң «Хонда» мотоциклін тізгіндеген жүргізуші жаңағы қос машинаның біріне қатты жылдамдықпен соғып, оқиға орнында тіл тарпай кетеді.
-Жылдың жылы мезгілінде скутер, мотоциклдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары арта түсетіні заңдылық. Мәселен 1 мамырда скутер мінген жігіт жол апатынан қаза тапса, соңғы оқиға орнында 27 жасар мотоцикл жүргізушісі қыршын кетті, – дейді қалалық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы Иван Тарасов.
Жалпы жыл басынан бері кеншілер қаласының жолдары 4 адамның өмірін алып кетті. Оның екеуі жаяу жол жүргіншілері. Бүгінде тұрғындардың осы категориясы жолды кесіп өту кезінде қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Осы жағдайдайларда кімнің кінәлі екенін айтпаса да түсінікті.
Қазіргі таңда Рудный аумағында 30 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 4 адам көз жұмса, 27-і түрі деңгейдегі жарақаттар алды.
Жазмыштан озмыш жоқ. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ, сақтанғанды Құдай сақтайды, – деп жатады. Ережені бұзған кез келген адам өз өміріне ғана емес, айналадағы адамдардың өміріне де орасан зор қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн. Осыны қаперде ұстағанда ғана жол-көлік апаттары азая түсетіні сөзсіз.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ