«Астана аспаны» акциясы
Астана күні еліміздің сол секілді біздің облысымызда да кеңінен тойланып өтті. Түрлі, мазмұнды, қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі деп мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті мен «ГрИн» азаматтық альянсының бірлесе ұйымдастырған «Астана аспаны» атты акциясын айтуға болады.
– «Астана аспаны» деп аталатын фестиваль Астанада бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Оған қатысуға тек қана Қазақстанның ғана емес, көрші ел Ресейдің де әртүрлі қаласынан келеді. Астаналық фестивалді қолдай отырып, Қостанай қаласындағы Тобыл өзенінің жағажайында алғаш рет осындай іс-шараны ұйымдастырдық. Келешекте жыл сайын Астана күнін мерекелеуде осындай шараны өткізу дәстүрге айналады деп ойлаймыз. Шараны қызықтауға қала тұрғындарының үлкені де, кішісі де келді,-деді МҚІСЖҚІҚ агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Шериева.
Астана күніне арналып аспанға 25-ке жуық батпырауық ұшырылды. Тұрғындардың ерекше қызығушылық танытқаны «Антикорр» сегізаяғы болды. Мұндай ерекше есім 1494 жазуы үшін берілді. Ол мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңес беру орталығының нөмірі. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, сегізаяқ кейіпкері кездейсоқ таңдалған жоқ, «спрут-сегізаяқ» жемқорлықтың бейнесі, сондықтан жемқорлық көріністері туралы көрсетілген call-орталық нөміріне әрқайсысымыз хабарласуға болады. Сегізаяқтан басқа көк аспанда өзге де кейіпкерлер самолеттер, атақты мультфильмдердің кейіпкерлері, біздің тәуелсіздігіміздің символы – қыран қалықтады. Акцияны тамашалаған қала тұрғындары да немқұрайы қалмай, белсене араласып өздерінің батпырауықтарын да ұшырды.
Ұйымдастырушылар іс-шара соңында батпырауықтарды балалар мен қала тұрғындарына сыйға тартты. Олар сыйлыққа қуанып қалды.
Гүлназым Сағитова