Сарыкөлдегі спартакиада
Сарыкөл ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық спартакиада басталды. Жеті өңірден жеткен командалар шахмат, үстел теннисі, ұзындыққа секіру, ядро мен дискі лақтыру және жеңіл атлетика бойынша сынға түсті.
Алдымен, спартакиаданың ашылу салтанатында қонақтар мен қатысушыларды аудан әкімі Эльдар Күзенбаев құттықтады. Ол өз сөзінде біздің өңірден шыққан паралимпиада спортшыларының тіпті, халықаралық дәрежедегі жарыстардан жүлдемен оралғандығын атап өтті. Ал, облыс әкімінің көмекшісі Аслан Дабылов болса, аймақ басшысы Нұралы Садуақасовтың сәлемдемесін жолдап, жарысқа жиналғандарға жеңіс тіледі. Сондай-ақ, осы сайысты ұйымдастырушы өңір басшысы Эльдар Қонысбайұлына, оның командасына және бас төреші Анатолий Александровичке, оған қоса сонау Жангелді, Амангелді аудандарынан арнайы ат терлетіп келген сайыскерлерге алғысын айтты.
Осындай жүрекжарды лебіздерден соң, көптен күткен спорттық шара да басталды. Жан-жақтан жиналған спортшылар әр спорт түрі бойынша бақтарын сынады. Осы орайда Сочиде өткен қысқы паралимпиадалық ойындардың жүлдегері, жерлесіміз Александр Колядинді сөзге тартқан едік:
-Бүгінгі сайыс жақсы өтті. Меніңше, ең мықты деген ойыншылар ғана жеңіске жетеді. Бұл орайда бізден қатысқан 18 спортшы да жаман өнер көрсеткен жоқ. Соның бірі өзім, ядро мен дискі лақтыруға қатыстым, – дейді танымал спортшы.
Мінеки, ауданымызда алауы маздаған облыстық паралимпиада ойындарының жабылуы ертең өтеді. Қорытындысы да сонда белгілі болады.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.