Қайырымдылық шарасы
Қасиетті жұмада мұсылман жамағаты мешітке жиналды. Жұма намазынан кейін дін өкілдері тұрмысы төмен мұқтаж адамдарға ұн таратты. Бұл Марал Ишан атындағы Ақ мешіт ұйымдастырған қайырымдылық шарасының бастамасы.
Гүлнұр Кенжетаева екі баланың анасы. Үлкені арбаға таңылған мүгедек. Гүлнұр бала бағып, үйде отыр. Ал отағасының табысы отбасын асырауға аздық етеді. Бүгін Кенжетаевтар мешітке келіп, бірнеше қап ұн алып, қуанып қалды. – Тұрмысы төмен, тағдыр тауқыметіне ұшыраған адамдарға мұндай іс-шараның пайдасы зор. Осындай көмек көрсеткен азаматтарға, мешіт қызметкерлеріне алғысымыз шексіз, – дейді Гүлнұр Кенжетаева. Қасиетті Рамазан айында, тағдырдың тәлкегіне түкен қара көз бауырларымызға барынша жәрдем жасалуда. Қаладағы кәсіпкерлердің күшімен, мешіт қоймасы ұнға толтырылған. Бүгін соның 2 тоннасы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Алланың жердегі үйіне қол жая келгендердің бірде-бірі құр алақан кеткен жоқ. Адамдарды дініне, ұлтына бөлмей, барлығына бірдей көмек көрсетілді. – Мешітке көмек сұрап келген адамның бетін қайтармаймыз. Мүмкіндігінше қол ұшын беруге тырысамыз. Қаражаттай да көмек көрсетеміз. Келешекте қиім-кешек үлестіреміз ба деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар, жетім балалар үйіндегі балғындарды сүндетке отырғызып, демалыс лагерінде сүндет тойын өткізбек ниеттеміз, – дейді Марал ишан атындағы Қостанай Ақ мешітінің бас имамы Асылхан қажы Мұхаметжанұлы. Алдағы уақытта мұқтаж адамдардың тізімі жасалмақ. Көмек сұрап келгендер қағаз жүзінде өтініш жазып, есепке алынады. Сөйтіп, мешіт атынан жасалған қайырымдылық шараларында сол азаматтар назарға алынатын болады.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Айбек Жүзбай
Суретті түсірген Айбек Жүзбай