Қостанайда алғашқы IT-лицей ашылды

1-қыркүйек білім күнінде Қостанай облысында алғаш рет «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты ашылды.

2018-2019 жаңа оқу жылында Қостанай қаласында орналасқан IT-мектеп өз жұмысын бастады. Бұл білім ошағы Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде іске қосылды. Барлық заманауи құрылғылар және озық технологиялармен қамтылған лицейдің ресми ашылуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Облыс әкімі оқушылар мен педагогтарды Білім күнімен құттықтады.  

-Біз білім беру саласын цифрландыруға облыстықтық бюджеттен және демеушілер есебінен қыруар қаржы жұмсаудамыз. Мысалға, биыл 2 мың компьютер сатып алу үшін облыстық бюджеттен 267 млн теңге жұмсадық. «Озат» IT-лицейінің қайта жаңғыру жұмысына және құрылғыларды сатып алуға 200 млн теңгеден артық қаржы жұмсалды. Демеушілердің бөлген қаражатына облыс бойынша 21 робот техникасының сыныптары ашылды. Әр кабинеттің құны – орташа есеппен 10 млн теңге. Елбасы «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген саяси отырысында әрбір өңірлердегі филиалдарға оқушылар және мұғалімдердің компьютерлік сауаттылықтарын арттыру туралы тапсырма берген болатын. Аталмыш тапсырмаға сәйкес, біз еліміздегі бағдарламашылар лигасымен бірлесіп, облыста арнайы жоспар қабылдап,  оны іске асырудамыз.

Білім саласындағы озық технологиялар балалардың компьютерлік білімдерін арттыруға септігін тигізеріне сенімдімін. Педагогтар ұжымына жаңа оқу жылында зор шығармашылық табыстар тілеймін. Дарынды жастарымыз өздерінің білімдерін арттырып, еліміздің абыройлы, беделді азаматтары мен азаматшалары болып өсулеріне тілектеспін,-деді облыс әкімі А.Мұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде. 

2 фото

Лицейдің салтанатты ашылуында еліміздің Әнұраны орындалып, алғашқы қоңырау соғылды. Ата-аналар балаларға сәттілік тілеп, оқу жылын табысты аяқтауға тілек білдірді. Салтанатты шарадан соң аймақ басшысы лицейдің ішін аралап, 3D моделдеу, информатика сияқты кабинеттерді көрді.

3 фото

 «Озат» IT-лицейінде 189 оқушы оқиды. 200 орынға шақталған интернаттың барлық орны  әлі толыға қоймаған. Бос орындар жақын арада толығады. Мұнда облыстың түкпір-түкпірінен келген балалар білім алады. Биылғы оқу жылында оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдапты. 7-8-сыныптар мемлекеттік тілде, қалғаны орыс тілінде оқиды.

Мұндағы оқушылар облыстың әр аудандары мен ауылдарынан жиналған. Басымдық – ауыл балаларына беріліп отыр. Олар конкурстық негізді қабылданды. Мектепте биылдан бастап робот-мұғалім жұмыс істейді. Жоғары дәрежелі мұғалімдер де қатаң талаппен таңдалды. Мектептің миссиясы – бәсекеге қабілетті, IT-білімді меңгерген оқушыларды даярлау. Шәкірттеріміз осы заманға сай білім алатын болады,-деді лицейдің директоры Ерлан Бекішев.

4 фото

Биыл облыс бойынша 103 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылында мектепке барды. Соның ішінде 12 мыңы 1-сыныпқа қабылданып отыр. Қостанай қаласындағы «Әуежай» шағын ауданында 900 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы жылдың соңына дейін аяқталады. Келесі жылы облыста қосымша жаңа үш мектеп салынбақ. Олар: Қарасу, Қарабалық және Аманкелді аудандарының орталықтарында бой көтереді. Сонымен қатар, мектептерді жаңартып, күрделі жөндеуден жүргізу жұмыстарды биыл да нәтижелі аяқталды. Қайта жаңғырудан өткен барлық объектілер жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдады.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓