Бақайдың құны – 50 мың теңге
Арқалық қалалық сотының шешімі бойынша, жергілікті аурухана 50 мың теңге пұл төлеулері тиіс. Азаматша С.-ға жасалған моральдық зиянның орны осылай ғана толмақшы.
Азаматтық іс материалдары бойынша, өткен жылдың 16 қаңтарында әлгі әйел сол жақ аяғының екінші бақайын майып қылып алады. Шыбығы тайған бақайшағын халық емшілеріне көрсетіп, олар бір пәсте-ақ салып берген. Ал, ауруханаға болса азаматша мүлдем жүгінбеген екен. Тек 10 күн өткен соң ғана сынықшының қол шипасының қаншалықты сәтті болғанына рентген арқылы көз жеткізуді ойлапты. Ақыры, рентген түсірілімі шыбығы тайған бақайдың орнына түспегенін көрсетеді. Келесі күні-ақ азаматша ота үстеліне таңылыпты. Нәтижесі келеңсіз жағдаймен аяқталды, яғни ақ халаттылар әлгі башайды кесіп алып тастапты.
Шағымданушы дәрігерлердің және аурухананың кінәсінен пұшайман күйге түсіп, моральдық езгіде қалғанын айтады. Бұған дейінгі шығарылған сот үкімі, пайдасына шешілгенімен, толық қанағаттандырарлық болмаса керек. Дегенмен облыс дәрежесіндегі апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Жандос Жүсіпбек