Мектеп жөнделіп, балабақша салынады
Облыстық білім басқармасының жетекшісі Ә. Төртқараева баспасөз клубында журналистермен кездесіп, бүгінгі таңда үстіміздегі оқу жылында аймақтағы білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақыттарда жүзеге асырылатын шаралар, мектептеріміздің жас мамандармен, мектепке дейінгі мекемелермен кішкене балалардың қамтылуы сол секілді білім саласына қатысты басқа да мәселелер туралы айтып берді.
Білім басқармасы жетекшісінің айтуынша, 2004 жылдан 2014 жылды алып санағанда жалпы құны 13,7 млрд. теңге болатын 34 білім беру нысанасы салынып, қайта жарақтандырылды. Салалап бөлсек, оның 20-сы мектеп, 10 балабақша, 3 жатақхана, 1 балалар-жасөспірім орталығы. Ал, 2015 жылы 5 білім нысанының құрылысына 2,2 млрд. теңге қарастырылды. Мәселен, 500 орынды мемлекеттік тілдегі Қостанай қаласында салынатын мектеп құрылысына республикалық бюджеттен 787,946 млн. теңге бөлінді. Сол секілді облыс орталығындағы Қайырбеков көшесінде орналасатын 280 орынды балабақша құрылысына республикалық бюджеттен 385,150 млн. теңге бөлініп, үстіміздегі жылғы желтоқсан айында пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда. Және де Лисаков қаласында салынатын 280 орынды балабақша құрылысына Ұлттық қордан қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны -649,9 млн. теңге. 2015 жылы Ұлттық қордан 150 млн. теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 16,6 млн. теңге қарастырылды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 23 пайызы орындалды.
2015 жылы облысымыздағы 5 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жүзеге асыру аясында республикалық бюджеттен 572,4 млн. теңге бөлінді.
Өңірдегі білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі-балабақша кезегі. Республика бойынша облысымызда балабақшамен қамту мәселесі оңтайлы шешілгенімен, кішкене балалардың кезекте тұруы әлі де болса өзекті болып тұр. Жалпы кезекте тұрғандардың саны 24 мың бала. Атап кетсек, балабақшаға деген ең көп кезек, Қостанай қаласында -10200, оның туғаннан 2 жасқа дейінгі балалардың саны-7600. Рудный қаласында -5086, Қостанай ауданында -1548, Әулиекөл ауданында -986 бала тұр. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында балабақшаға кезекті азайту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жекеменшік балабақшада мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырыу үстінде. Мектептеріміздегі балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 16 мектептің қазандығы бөлек сыртқа шығарылды. Үстіміздегі жылы тағы да 28 мектептен қазандық шығарылады деп жоспарланып отыр. Ал, енді барлығымызда алаңдатқан ҰБТ-ге келер болсақ, республика бойынша 9 орындамыз. Орташа балл-78,79, өтккн жылға қарағанда 1,15 баллға төмен. Көрсеткіштердің төмен болуына тағы бір себеп, оқушы балалардың ҰБТ-ға қатысу саны. 59 түлек түрлі білім жарыстарында үздік нәтижеге жетіп, білім беру грантына ие болса, екінші себебі, алыс және жақын шетелдердегі ЖОО оқуға түсетін түлектер саны жылдан жылға қөбейіп отыр. Тағы алаңдатын мәселе- ол оқушылардың 83 пайызының үлгірімі «4» және «5» деген баға.
Үстіміздегі жылғы 5 айында облысымызда 117 қылмыс жасалды. Осы кезеңде 16 суициалды жағдай орын алып отыр, оның сегізінде жастар өзі-өзіне қол жұмсаса, сегізінде өзі-өзіне қол жұмсауға әрекет жасады.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков